Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Жаңа жыл мейрамы қарсаңында балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға шақырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Жаңа жылдық мерекелер – балаларымыздың ғажайыптар мен сиқырларға сенетін кезі. Балаларымызға арнап «Жаңа жылдық сапар» экспресс-эстафетасын ұйымдастырдық. Мемлекет басшысы мен әкімдіктің атынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 600 балаға сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар тапсырылды. Сонымен қатар, аудан әкімдіктері балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтауда.
Бүгін әріптестерімізбен бірге «Мамандандырылған балалар үйіне» бардық. Жаңа жыл қарсаңында балаларға ерекше көңіл-күй сыйлағанымыз жөн. Балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Әдеттегідей Аяз Ата құттықтап, балаларға сыйлықтар үйлестірді.
Бұл балалар үйінің ерекшелігі – онда оңалту қызметтері де көрсетіледі. Ұйымда күрделі жөндеу жүргізілді, материалдық-техникалық база жаңартылды. 2022 жылғы қаңтардан бастап педагогтардың, оның ішінде арнайы мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың жалақысы 20%-дан астам көтеріледі», – деп жазды қала әкімі.