Қарашада азық-түлік бағасы 0,9 пайызға қымбаттады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
«Бір айда (2021 жылғы қараша 2021 жылғы қазанға) баға азық-түлік тауарларына – 0,9, азық-түлік емес тауарларына – 1, ақылы қызметтерге 0,3 пайызға жоғарылады. Бағаның өсуі жаңа жиналған көкөністерге – 8,3, жұмыртқаға – 2,1, ұнға – 1,5, шошқа етіне – 1,1, пастерленген сүтке, жармаларға, макарон өнімдеріне – 1, тоқаш және ұн өнімдеріне – 0,9, нанға, құмшекерге, шұжық өнімдеріне, жылқы етіне – 0,8, құс етіне 0,7 пайыз байқалды. Темекі өнімдері – 1, алкогольді сусындар 0,5 пайыз қымбаттады. Бағаның төмендеуі картопқа – 1,4, жаңа жиналған жемістерге 0,6 пайыз тіркелді», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, баға дизель отынына – 14,6, баллондағы сұйытылған газға – 13,6, тас көмірге – 3,7, бензинге 2,4 пайыз өсті. Баға өсімі тоқыма бұйымдарына – 0,9, фармацевтикалық өнімдерге 0,7 пайызды құрады.
Тұрғын үйді жалға беру үшін төлем 1,4 пайыз өсті. Баға деңгейі мәдени іс-шаралар саласындағы қызметтерге – 0,7, денсаулық сақтау қызметтеріне 0,4 пайыз жоғарылады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер ыстық суға – 3,5, қоқыс шығаруға – 1,3, электр энергиясына 0,5 пайыз өсіп, ал орталықтан жылытуға 1,3 пайыз төмендеді.