Эстондық мал өсірушілер Қазақстанмен байланыс орнатуда.
KAZAGRO&KAZFARM 2021 көрмесі аясында Герефорд Республикалық палатасының «Балтық жағалауы елдерінен ІҚМ импорты» семинары өтті.
Іс-шараға Эстониялық селекционер-малшылар қоғамының Басқарма Төрағасы Танель Таави Булитко қатысты.
Ол эстондық мал өсірушілер қазақстандық әріптестерімен 2012 жылы басталған жемісті ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін атап өтті. Осы уақыт ішінде эстондық мал өсірушілер асыл тұқымды малды экспорттауға мүмкіндік беретін жақсы байланыстар орнатып үлгерген.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы экспортының мүмкіндіктерін кеңейтуге Breеd Expo жаңа ынтымақтастық жобасы көмектеседі, оған тек Эстонияның ғана емес, сонымен қатар Латвия мен Финляндия елдерінен шаруалар қатысады. Жоба Қазақстан, Грузия және Украина мемлекеттерімен белсенді ынтымақтастыққа бағытталған.
Танель-Таави Булитконың айтуынша, оның Қазақстанға сапары Эстониядан асыл тұқымды ірі қара мал экспортын жылжытумен ғана шектелмейді. Оның екінші миссиясы – Қазақстан астығын импорттау мүмкіндіктерін іздеу.
«Мен жолда келе жатқанда, біздің фермерлер сіздердегі астықтың құнын білуімді өтінді. Бізде мал азығының бағасы күрт қымбаттағандықтан, Қазақстаннан астық сатып алу туралы ой келді», – деді Эстон селекционер-малшылар қоғамының Басқарма төрағасы.