Шымкент әкімі мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты
Биыл Шымкентте білім ошақтарының құрылысына аса ден қойылып отыр. Келесі оқу жылына дейін біршама мектептер жөндеуден өтіп, балалар игілігіне табысталмақ. Қала әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар мектептерді аралап, құрылыс барысымен танысты.
Шаһар басшысы алғаш болып Қазыбек би атындағы №36 жалпы орта мектепте жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Алғаш білім ошағының іргетасы 1989 жылы қаланған. 1060 орындық оқу ордасында бүгінде «Ынтымақ Құрылыс» ЖШС құрылыс компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қала әкімі жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында әріқарай №3 Балалар эстетикалық саз мектебіне барды. Мамыр айында басталған күрделі жөндеу жұмысының 30 пайызы аяқталған. Барлық жұмыстарды мердігер жоспарланған кестеге сәйкес жаңа оқу жылына дейін бітіруі тиіс.
Сонымен қатар, тозығы жеткен №122 жалпы орта мектепке де ат басын бұрды. 2 ауысымда білім беріп отырған 620 орынды аталмыш мектептің кірпіші 1984 жылы қаланған.
Әкім мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатқанына көз жеткізді. Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерлерге құрылыстың сапасына аса мән беруді, сондай-ақ жұмыстарды тездетіп жаңа оқу жылына дейін толығымен аяқтауды тапсырды.