ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев елімізде тұрғын үй бағасына қатысты өз болжамын ұсынды.
«Біз үнемі баға болжамы бойынша мониторинг жүргізіп отырамыз. Биыл қаңтар айында жаңа тұрғын үйдің бағасы 3,8 пайызға өссе, қолданыстағы үйдің бағасы 7,2 пайызға өскен. Ал маусым айында жаңа үйдің бағасы 0,9 пайызды көрсетсе, қолданыстағы баспана бағасы 1,2 пайызды құрап отыр. Атап айтар болсақ, Петропавл қаласында қаңтар-ақпан айларында қолданыстағы тұрғын үйдің бағасы 5,6 кейде 4,6 пайызға дейін өскені байқалды. Сәуір айында төмендеу байқалды яғни 2,4 пайызға төмендеді, қазір де осы баға сақталып тұр деуге болады», – деді Қ. Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елімізде жаз айларында тұрғын үй бағасының тұрақтануы бұған дейін де болжанды.
«Біздің болжам бойынша тұрғын үй бағасы маусым-шілде айларында тұрақтанды, бұған дейін болған баға өсімі зейнетақы жинағын баспана алуға рұқсат етілуімен байланысты. Бүгінде ол мәселе де бір ретке келді. Менің жеке болжамым бойынша алдағы қыркүйек айында тұрғын үй бағасының төмендеуі күтіледі», – дейді ол.