Биыл елдегі 29 қылмыстық атқару мекемесін бейнбақылау жүйесімен жабдықтауға 3 млрд 704 мың теңге бөлініп отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерін бейнекамералармен толық жабдықтау жұмыстары кезең-кезеңмен 2023 жылға дейін жүргізіледі. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін бейнекамералар мен құрылғыларын сатып алу ашық конурс арқылы жүргізіліп жатыр. Бұл конкусрқа бәрі қатыса алады. Оған қоса, мекемелерде таса орын қалмас үшін 33 мың цифрлық бейнекамера алу керек. Биыл қылмыстық атқару жүйесінің 29 мекемесін жабдықтау үшін 3 млрд 704 мың теңге бөлінген», – деді Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басқарма бастығы Бибігүл Мұңайтпасова.
Басқарма бастығының сөзіне қарағанда, бөлінген қаражат тек камера сатып алуға ғана жұмсалмайды.
«Камерадан бөлек бейнебақылау жүйесінің жұмысына қажет функционалдық тіркегіш, комутатор, басқару сервері сияқты өзге де элементтердің құны да осы сомаға кіреді. Бұл қаражатқа қызметкерлердің өзін видеотіркегішпен жабдықтау шығыны да еніп отыр», – деді комитеттің басқарма бастығы.