Үндістанда бір тәулікте 350 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталып, ел астанасы Делиде әр 4 минутта бір адам қайтыс болуда. Бұл туралы BBC хабарлады.
Орын жетіспегеннен вирустан қайтыс болған адамдардың денесін көшенің қақ ортасында өртеп жатыр, емханалардың көбінде орын жоқ, сондықтан олар пациент қабылдамайды.
Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 20 миллионға жеткен, сондықтан Үндістан вирус жұқтыру бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында.
«Коронавирустың бірінші толқынындағы күресімізден кейін, біз бұл сынақты жеңгенімізге сенімді едік, бірақ екінші толқын бізді есеңгіретіп тастады», деді Үндістан премьер-министрі өзінің радиоүндеуінде.
Жексенбі күні Ұлыбритания Үндістанға 495 оттегі концентраторын, 120 инвазивті емес және 20 жасанды тыныс алу аппараттарын жіберді.
Премьер-министр Борис Джонсон Лондон бұл елге барынша көмектесетінін айтты.
Еуроодақ та Үндістанға оттегі мен дәрі-дәрмектер жіберуге уәде берді.
Вирус жұқтыру бойынша бірінші орында тұрған АҚШ та Үндістанға коронавирустың экспресс-диагностикалау құралдарын, жасанды тыныс алу аппараттары мен дәрігерлерге арналған арнайы қорғаныш құралдарын жіберуді бастайды.
Джо Байденнің медициналық кеңесшісі Энтони Фаучи өз сөзінде АҚШ Үндістанға вакцина дозаларын жіберетінін айтып өтті.