Батыс Қазақстан облысында 2,4 тонна балықты заңсыз тасымалдаған екі автокөлік ұсталды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, аталған қылмыс «Бекіре» жедел алдын алу іс-шарасы аясында анықталды.
Орал-Атырау жолы бойында Ақжайық ауданы Ақсуат ауылы маңында 1976 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «Газель» автокөлігі тоқтатылды. Ол 1298 кг қара балықты заңды құжаттарсыз алып келе жатқан.
Сондай-ақ 14 сәуір күні сағат шамамен 20.00-де Теректі ауданы Подстепный ауылында салынып жатқан үйдің аумағында 1991 жылғы жүргізушінің автокөлігі ұсталды. Бұл автокөліктен тиісті құжаттары жоқ 1 168 кг қара балық шықты.
Тәркіленген балық пен уылдырық «Каспий Урал» ЖШС-на сақтауға тапсырылды.
Қазіргі кезде екі оқиға бойынша ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне (көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену немесе өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.