Басты

НЗМ: Бар жақсылық – балаларға

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Қоғамға қызмет ету» жобасының аясында дәстүрлі Мектепке жол республикалық акциясына қатысты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Осылайша, олар қала және ауылды жердегі білім ошақтарындағы іні –қарындастарына қуаныш сыйлады.

– Акцияға жыл сайын қатысамыз. Алдын –ала берілген хабарландырудың
арқасында бұл іске оқушылардан бөлек, ата –аналарымыздың да қатысуы бізді қуантады. Жанашыр жандардың қатары артып келеді. Бір ортаға жиналған қаржының есебінен оқуға қажетті құралдар сатып алынды. Олардың арасында қаламсап, дәптер, сурет дәптері, бояу қарандаштары, өшіргіш, сызғыш, сөмке бар. Әрине бұл заттар бүкіл оқу жылына жете қоймас. Дегенмен шамалы болса да көмек,- деп білеміз дейді
мектебіміздің 12 сынып оқушысы Мөлдір Сиязбаева.

Мөлдір бұл акцияға өзінің құрбысы Асима Жарықбасова екеуі мектебіміздегі «Қоғамға қызмет ету» жобасының үйлестірушісі, педагог-ұйымдастырушы куратор Динара Нұрғазинаның жетекшілігімен қатысты.

Нәтижесінде олар қала маңындағы Приречное, Семейдегі № 25, 31, 39 орта мектептерін аралап, сыйлықтарды табыстады.

Сыйлықтардың тағы бір тобы өз мектебіміздегі және Көкпекті ауданы, Үлгілі малшы ауылындағы Абай атындағы білім беру мекемелерінің көмекке зәру шәкірттеріне жіберілді. Атап өтерлігі, егер былтыр 25 балаға көмек жасалса, биыл олардың саны 30 –ға дейін артты.

– Мен 5 бала тәрбиелеп отырмын. Қолұшын беріп, қамқорлық танытқан
Зияткерлік мектеп ұжымына, оқушыларына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қайырымдылық жасай білу мен оны жастарға көрсете білу де тәрбие деп білемін. Осы сауапты істеріңізді көрген кейінгі буын үлгі алады деп ойлаймын. Сіздерге тек жақсылық тілегім келеді, -дейді №39 ора мектептегі көпбалалы ана Айда Берікханқызы.

Алғыс арқалап, қанаттанған зияткер шәкірттеріміз алдағы жылы да акцияның жоғары деңгейде өтуіне атсалыспақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button