Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы жағдай туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіп кешеніндегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қатысты сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өңірлердің дамуы туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндады.
2021 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша оң және тұрақты динамика ҚР экономикасының нақты секторында байқалды. Өсім өңдеу өнеркәсібінде (+7,5%), құрылыста (+13,1%) және ауыл шаруашылығында (+2,8%) байқалды.
Оң өсім қарқыны машина жасауда (+21,8%), оның ішінде автомобиль жасауда (+20,7%); фармацевтикада (+9,1%); химия өнеркәсібінде (+14,2%); түсті металдар өндірісін (+3,4%) қоса алғанда металлургияда (+2,3%); жеңіл өнеркәсіпте (+3,1%), оның ішінде киім өндірісінде (+25,8%), сондай-ақ азық-түлік өнімдері өндірісінде (+3,3%) байқалады.
Премьер-Министр 2021 жылғы 1 сәуірде ОПЕК+ 15 министрлік кездесуі өткенін, онда Қазақстан үшін мұнайды тәулігіне өндіруді тағы 6 мың баррельге ұлғайтуды көздейтін жекелеген шарттар келісілгенін атап өтті. Осыған орай, жыл қорытындысы бойынша мұнай өндіру саласында оң динамика қамтамасыз етіледі.