Tech

Қазақстанның көлік құрастыру саласы импортты ысыра ала ма

Қазақстанның көлік жасау саласы импортты ысыруға қауқарлы ма? Бұл сұраққа ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көлік саласына терең талдау жүргізіп көрдік. Мәселен, құрылғылардың біршама үлесін үлкен жобалар бойынша ТШО (Теңізшевройл) сатып алады. Әлбетте, кен немесе мұнай өндіру саласында «Caterpillar» шығаратын (арнайы техника шығаратын алып корпорация) арнайы техника керек болуы мүмкін. Ал бізде қазір энергокөлікқұрау саласында мүмкіндіктер баршылық. Сөзсіз, бұл тұрғыда отандық қажеттіліктің 80-85 пайызын «Alageum Electric» холдингі жауып отыр. Оған қарасты 7 зауыт қажеттілікті толық өтеуі мүмкін. Бірақ, мұнда мәселе – қадағалауда отырған мемлекеттік сатып алудың өзінде подстансалар мен трансформаторларды өкінішке қарай, шетелден импорттап отырғандар бар», – деді Абылай Мырзахметов.

Оның айтуына қарағанда, екіншіден отандық автокөлік құрау саласында да айтулы жобалар баршылық. Елдегі «Сарыарқаавтоөндіріс», «Бипэк», «Азия авто» секілді көлік өндіретін ірі компаниялар мемлекеттің қолдауымен өндірісін жолға қойып алған.

«Бірақ локализацияның, яғни жаппай сатудың ауқымды деңгейін көріп отырған жоқпыз. Десе де, тапсырыстар жоқ емес. «Сарыарқаавтоөндіріс» компаниясына салмақты инвестордың кіргенінен хабардарсыздар. Сонымен бірге, «Astana Motors» компаниясы келесі жылдың қыркүйегінен бастап индустриялық аумақты іске қоспақ. Олар ірі торапты құрау мен бояу жұмысын атқарып қана қоймай, «Hyundai» компаниясымен бірге Қазақстаннан тыс нарықты көздейді. Қазақстанда көлікке сұраныс айтарлықтай үлкен емес. Олар көлікті Ресей мен Өзбекстанға шығаруды жоспарлауда», – деді ол.

Осылайша, көлік саласында ірі компаниялар пластиктен орындық, бампер жасап, өндіріс ауқымын кеңейтуді жоспарлаған.

«Оның үстіне Қазақстанда биыл шыны зауыты іске қосылса, индустрия сұранысты арттыра береді. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы көлікті құрау ісін жетілдіру үшін «Claas» пен «John Deere» компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Міне, осы салаларда көлік құрау ісін дамыта аламыз», – деді ол.

Еске сала кетсек, елімізде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан импортты алмастыру жөніндегі кеңес құрылады. Кеңес алаңында бизнес-қоғамдастық уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен бірлесіп, жергілікті қамтуды және реттелетін сатып алу жүйесін, кедендік-тарифтік саясатты, техникалық реттеу, шикізат базасын дамыту, инфрақұрылымдық даму, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі дамуына байланысты басқа мәселелерді талқылайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button