Бұл туралы осы ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш қауіпсіздік кеңестің кезекті онлайн отырысында мәлімдеді. Жүргізілген статистика бойынша 2020 жылы жер бетінде 88 млн адам аштықтың зардабын тартты. Бұл бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда 20 процентке артық. Сарапшылар бұл тенденция 2021 жылы да жалғасады деп болжайды. Мәселен, табиғи апаттар мен коронавирус пандемиясы жағдайды ушықтырып тұр. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы өткен жылы 265 млн адамның аш құрсақ жүргенін айтады. Олардың біразы Африка, Таяу шығыс пен Азия елдерінің тұрғындары. Антониу Гутерриш жағдайды оңалту үшін шұғыл шаралар қолға алынбаса аштық көптеген адамның өмірін қиюы мүмкін дейді.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
– Қазір қамданбасақ, алдағы уақытта ашаршылыққа тап болуымыз әбден мүмкін. Қарулы қақтығыс қиыншылық турдыратыны анық. Сондықтан соғыс өрті өршіп тұрған елдерде бейбітшілік орнату керек. Онсыз да табиғи апаттар мен жаһанды жаулаған пандемия қос бүйірден қысып тұр. Әрі азық-түлік пен ауыз су тапшылығы және жұмыссыздық белең алды.