«Механика және математика» ҒЗИ жанындағы компьютерлік ғылымдар зертханасында индустриялық серіктесі «Digital Alem» ЖШС-мен бірлесіп бірегей құрылғы жасалды. Жас ғалымдар жаңа жобамен бір жарым жылдай уақыт айналысып, өздерінің экологиялық мониторинг жүйесін көпшілікке ұсынды. Ноу-хау – бұл ауаның ластану деңгейін анықтайтын, пайдаланушының телефонына Bluetooth арқылы қосылатын және деректерді серверге жіберетін шағын құрылғы. Бұл құрылғы адамның орналасқан жерін де анықтай алады. Оның салмағы 150 грамм, батареямен жұмыс істейді және оны желі арқылы қуаттауға болады.
Магистранттардың алдын ала есептеулері бойынша құрылғының өзіндік құны 30 мың теңгеден асады. «Біз дайындаған модульдер түрлі датчиктердің көмегімен ауа алуды жүзеге асырады және деректерді GSM/GPRS таратқыш арқылы серверге жібереді. Сервер деректерді құрылымдалған дерекқор ретінде сақтайды. Олар картадағы қаланың экологиялық көрінісін білуге, ластану динамикасын анықтауға және әртүрлі факторларды ескере отырып, одан әрі өзгерістер туралы болжам жасауға мүмкіндік беретін математикалық модельдермен өңделеді», дейді компьютерлік ғылымдар зертханасының меңгерушісі Еділ Нұрахов.
Жас ғалымдар Алматыда ластану деңгейі өте жоғары кезеңде жаңа өнертабыстың қажетті де өзекті екенін атап өтті. Қала тұрғындары мен бизнес өкілдері тарапынан бұл құрылғы өз тұтынушысын табады. Тұрғындар портативті құрылғының көмегімен қала ғимараттарындағы, аулаларындағы немесе аудандарындағы экологиялық жағдайды анықтай алады, ал кәсіпкерлер эко-өнімдердің тізімін жасау үшін бизнестің бағыттарын таңдай алады.
Жаңа құрылғыны жасаушылар Smatr Сity тұжырымдамасы аясында жаңа құрылғыны қолдана отырып, қаланың экологиясын сақтаудың тиімді құралын жасауға болатынын атап өтті.