Ел бойынша медициналық сақтандыру қорына 529,1 млрд теңге түсті
2017 жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 15 ақпанына дейін ел бойынша Медициналық сақтандыру қорына 529,1 млрд теңге түсті. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымы Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты.
Жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде.
Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта Медициналық сақтандыру қорына Алматы қаласынан 99,5 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 79 млрд теңгеден астамы жұмыс берушілердің жасаған аударымдары болса, қалған 20,5 млрд теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндерге тиесілі. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша 2019 жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 197 мыңнан астам адам 392,3 млн теңге көлемінде БЖТ төлеген», – дейді Тілеухан Әбілдаев.
Медициналық сақтандыру қоры осымен төртінші жыл қатарынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге ақы төлеп келеді. 2021 жылы Алматы қаласы бойынша қос пакет бойынша 186,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оның 109,5 млрд теңгесі – ТМККК пакеті, 77,3 млрд теңге МӘМС пакетіне тиесілі.