Бұл туралы тұрғындар алдында есеп берген Махамбет ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мұқаш Зұлхарнай мәлім етті.
«Ауданда Индустрияландыру картасы аясында бірнеше жобаны іске қосу жоспарланды. Биыл «Meken Chiken» ЖШС-нің «Бройлерлік құс етін өндіру кешенін салу» жобасы жүзеге асады. Жобаның құны – 5,9 млрд теңге. Бұл жоба іске қосылғанда 79 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, «Жумағалиева» ШҚ жылыжай жобасын іске қосқалы отыр. Жылыжай жобасының құны 1,2 млрд теңге. Жаңа жылыжайда 40 адам жұмыс істейтіні көзделген. Қазір жылыжайдың құрылысы басталды. Оған 16 гектар жер учаскесі бөлінді» -деді Мұқаш Зұлхарнай.
Оның айтуынша, былтыр Махамбет ауданында Индустрияландыру картасы аясында 4 жоба іске қосылған. Оның ішінде «Бірінші май» ЖШС-нің үш жобасы бар. Бұл – сүт өндіру зауыты, биогумус өндіру кешені мен сүт өңдеу фермасын кеңейту жобасы. Ал, төртіншісі – «Сарайшық АТШ» ЖШС-нің ешкі сүтін өндіру фермасы. Бұл жобаларда 125 жұмыс орны ашылған.