EducationБасты

Түркістан облысында бастауыш сынып оқушыларына кезекші топтар ашылуы мүмкін

Түркістан облысында бастауыш сынып оқушылары санының артуына байланысты кезекші топтар ашылуы мүмкін. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Рақымбек Жолаевтың айтуынша, өңірдегі 910 мектепте 499 535 бала оқиды. Ал, 1 сынып оқушылары биыл 1 тамызға дейін eGov.kz порталы арқылы тіркеледі. Сондықтан оқушылар саны арта түспек. Қазіргі таңда 2020-2021 жаңа оқу жылын қашықтықтан оқытуға дайындық жүргізіліп жатыр. Осыған орай, оқу процесін ұйымдастырудың түрлері жан-жақты қарастырылуда.

«Оқу жылындағы бірінші тоқсан шалғайда орналасқан шағын жинақы ауылды мектептерді қоспағанда, облыс аумағындағы барлық мектептерде 1-11 сынып оқушылары қашықтан оқытылады. Облыста шағын жинақы мектептер саны – 139, ондағы оқушы саны 12 378. Егерде аталған мектептер орналасқан елді мекендерде індеттен қауіп жоқ болса, санитарлық эпидемиялогиялық қызметтің рұқсатымен дәстүрлі түрде оқытылатын болады», – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар облыстағы ахуал жақсарған жағдайда қалған мектептерде бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтінішімен кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Алдағы уақытта еліміздегі ахуал дұрысталып, қауіптің сейілгеніне көз жеткізген кезде мектептерді біртіндеп аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру жүргізілетін болады.

«Ұстаздар мен оқушылардың үй жағдайындағы қашықтықтан оқыту мүмкіндіктері де қарастырылуда. Облыста 499 535 оқушы болса, бұл 200 мыңнан астам отбасының балалары. Жасалған талдау қорытындысы бойынша, облыстағы 28% отбасы үй жағдайында интернет желісіне қосыла алмайды (130 мыңға жуық оқушы); ал 34% отбасында компьютерлік техника жоқ (60 мыңнан астам оқушы). Қазіргі таңда, осы оқушыларды интернетпен және компьютермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Мектептердегі техникалар келісіммен уақытша пайдалануға берілетін болады», – деді Рақымбек Жолаев.

Бұдан өзге, облыстағы 65 колледж жаңа 2020-2021 оқу жылында да қашықтықтан білім беруді жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазірдің өзінде халықтың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін колледждерге оқуға түсетін талапкерлерден құжат қабылдау электронды түрде e.gov.kz порталы арқылы жүргізілуде. Колледждерде оқуға түсу бойынша кез келген сұраққа жауап алу үшін виртуалды қабылдау бөлмелері іске қосылуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button