Social

Облыс әкімі Семейде «Абайға құрмет» акциясы аясында салынып жатқан нысандардың құрылысын қадағалады

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып «Абайға құрмет» акциясы аясында облыс орталығында бірнеше нысанның құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы Берік Уәли бүгін аталған акция шеңберінде салынып жатқан екі нысан – Мирный кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешенінде, сондай-ақ, Қарағайлы ықшам ауданындағы Binom мектебінің құрылыс алаңында болды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені «Абайға құрмет» акциясы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы қаржыландырылуда. Жалпы ауданы 2000 шаршы метр болатын екі қабатты орталықта әртүрлі спорт түрлеріне арналған зал, 100 көрерменге арналған трибуна, күрес және бокс залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер салынатын болады.

Қазіргі уақытта мұнда сэндвич-панельдерді монтаждау, ішкі инженерлік желілерді төсеу, ғимарат шатырын жабу жұмысы жүргізілуде. Нысан басында 35 адам жұмыс істеп жатыр. Мердігерлердің айтуынша, ғимарат құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.

Ал Қарағайлы ықшам ауданында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынып жатқан инклюзивті спорт кешенінің жалпы аумағы 2057 шаршы метрді құрайды. Заманауи ғимаратта әмбебап спорт залы, адаптивті дене шынықтыру залы, күрес элементтері бар арнайы зал, тренажер залы, бочча залы, үстел теннисі мен үстел ойындарына арналған бөлмелер қарастырылады. Екі қабаттан тұратын нысан бір мезгілде 130 адамға дейін спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік береді.

Бүгінде құрылыс алаңында топырақты жеткізу, жоспарлау және тығыздау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар металл конструкцияларын дайындау және оларды тығыздау жұмысы қатар атқарылуда.

Қарағайлы ықшам ауданында қазіргі таңда 1400 орындық Binom мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Төрт қабатты білім беру нысанының жалпы ауданы – 12 202,95 шаршы метр. Қазіргі уақытта нысанда темірбетон бағаналар мен жабын плиталарын арматуралау және бетондау жұмысы атқарылып жатыр. Нысан басында 70 адам еңбек етуде. Жұмысшылардың дені – жергілікті азаматтар. Мұнда заманауи оқу кабинеттері, зертханалар, спорттық және мәдени бағыттағы нысандар салынатын болады.

Облыс әкімі аталған үш жобаның да өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтіп, мердігерлерге нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

«Президентіміздің тікелей қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында бүгінде Семейде бірқатар нысанның құрылысы жүріп жатыр. Мирный кентінде мұндай дене шынықтыру-сауықтыру кешені бұрын болмаған. Тұрғындарға өте қажетті нысан. Осы аумақта 3 мектеп орналасқан. Балалар келіп, спортпен шұғылдана алады. Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешені де өңірімізде алғаш рет бой көтеруде. Жалпы, бұл ауданның тұрғындары жылдан жылға өсіп келеді. Мектепке сұраныс жоғары. Сондықтан «BINOM» сияқты жаңа, заманауи мектептеркерек. Осы аудандағы мектептерде 3 мың балаға дейін, екі ауысыммен оқып жатыр. Ең бастысы, басталған құрылыстарды сапалы әрі уақтылы аяқтауымыз керек. Құрылыс жұмыстарын бақылап, тұрақты қадағалауда ұстап отырамыз», – деді Берік Уәли.

Басқа жаңалықтар

Back to top button