6 млн теңге алиментін төлемей қашып жүрген маңғыстаулық Қостанайда қамауға алынды
Алимент бойынша оның 6 миллион теңге қарызы болған. Оған ел аумағында іздеу жарияланып, ақыры баласына берешегін төледі. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасынан хабарланды.
Жаңаөзен қаласының прокуратурасы алимент бойынша 6 млн теңге берешегі бар борышкерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабымен тіркелген қылмыстық істі сотқа жолдаған.
Айыпталушы сотқа келуден жалтарған. Сондықтан, қала прокурорының өтінішімен бұлтартпау шарасы қамаққа алуға өзгертіліп, борышкерге іздеу жарияланды.
— Жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде борышкер Қостанай қаласынан табылып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта алимент бойынша берешегі толық өтелді. Қылмыстық іс қайта қаралу үшін сотқа жолданды, — дейді прокуратурадан.
Бұған дейін Жетісуда баласына алимент төлемей жүрген борышкерлер 150 млн теңгені құмар ойынға салғанын жазған едік.