Қазақстан Президенті бұл форумның кейінгі бес жылда IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналғанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Биыл Digital Bridge форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Әдеттегідей Форумға қызығушылық жоғары. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі шараның тақырыбы – өте өзекті.
– Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне парапар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Мемлекет басшысы форум қатысушыларына бұл бағыттағы жұмыстың негізгі басымдықтарын атап өтті.
– Жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек. Бұл – халықаралық озық тәжірибе. Мұндай қадам елімізді технологиялық тұрғыда дамытудың орнықты бағытын айқындауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын. Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажеттігін екінші басымдық ретінде атады. Оның айтуынша, бүгінде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған.
– Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды деп санайды.
– Инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс. Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамытуға шақырды. Жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры.
– Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды. Алайда мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Бұл жерде ақпараттың «ашықтық презумпциясын» басшылыққа алу керек. Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын. Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл шаралардың бәрі жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын стартаптарымыздың Қазақстанда және әлемде сұранысқа ие, мүлде жаңа IT шешімдер жасауына мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек екенін айтты.
– Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мемлекеттің тиімді шешімдер қабылдауының негізгі шарты болады, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді.
– 2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс. Бұдан бөлек, төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу қажеттігін келесі басымдық ретінде атап өтті. Президент автоматтандыру және жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертеді деп санайды. Адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Мемлекет басшысы білікті ұстаз тапшылығын шешу мақсатында Үкіметке мектеп оқушылары мен студенттер үшін онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосуды тапсырды. Сол арқылы олар бағдарлама жасауды үйренеді.
– Сонымен бірге университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек. Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру тағы бір маңызды қадам болмақ. Ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығы кіреді. Осы ретте Институт әзірлемелерін тиісті деңгейде коммерцияландыру және кеңейту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге Президент инновацияның және технологиялық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчурлық капитал нарығын дамыту керек екенін атап өтті.
– Венчурлық капитал нарығына халықаралық ойыншыларды тартудың маңызы зор. Бізге олардың бұл саладағы құзыреті мен жобаларға жүргізетін сапалы сараптамасы керек. «Бәйтерек» ұлттық холдингі секілді отандық институттық инвесторлар негізгі серіктес бола алады. Бұған қоса түрлі қаржылық институттардың, атап айтқанда, екінші деңгейлі банктердің, сақтандыру компанияларының, микроқаржы ұйымдары мен нарықтағы басқа да ойыншылардың венчурлық қорға қатысуына жағдай жасайтын тетіктер мен құралдарды әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Соның арқасында инклюзивті және тұрақты дамуға арналған тың мүмкіндіктер пайда болуда. Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары.
– Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану. Сондай-ақ халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату. Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ. Яғни, жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме, әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет. Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды. Сол кезде жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін жаңа қағидаттар қалыптасты. Бұл – технологиялық даму заманында ұжымдық қауіпсіздік мәселесі бақылауда болуы керек деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті қазір елімізде саяси жүйе түбегейлі жаңғыртылып жатқанын, білім мен жаңа технологияны негізге алатын экономика құру ісі басталғанын айтты.
– Әділетті Қазақстанда әр азаматтың жан-жақты дамуына мүмкіндік болады. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса мән береміз. Біз цифрлық номадтардың, яғни мықты ІТ-мамандардың Қазақстанға келіп, жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Инновациялық кәсіпкерлікті және креативті индустрияны дамытамыз. Жалпы, жаһандық технологиялық революция барлық елдің өркендеуіне, адамдардың дамыған және әділетті әлемде өмір сүруіне септігін тигізуі керек. Бүгінгі жиында осыған қатысты өзекті мәселелер қаралады деп сенемін, – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар форумның пленарлық отырысында венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы, Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпер, TikTok-тың бас директоры Чжоу Шоуцзы, Digital Nomads қоғамдастығының негізін қалаушы Әсет Әбдуәлиев, ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучер, SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейер, «Arbuz», «Aviata», «PINEMELON USA» және «Ticketon» онлайн-сервистерінің негізін қалаушы Алексей Ли сөз сөйледі. Жиынға жазушы, продюсер, Barrat Media компаниясының директоры Джеймс Баррат модераторлық етті.