ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы жекелеген тапсырмаларын орындау барысы жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.
МЖӘ саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов баяндады. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жобалық қуаты кемінде 600 оқушы орны болатын орта білім беру ұйымдары нысандарын салу бойынша жаңа тетікті енгізу мәселесі пысықталуда, оқушы орындары Ұлттық жобада бекітілген жобалау міндеттеріне сай болмақ.
Б. Құдайбергеновтің айтуынша, жобаны білім беру ұйымы жүзеге асырады немесе ол Оқу-ағарту министрлігі жасаған тізімге сәйкес инвестор мен білім беру ұйымынан тұратын консорциум құру арқылы жүзеге асырылмақ. Осы орайда консорциум мүліктің меншік үлесін анықтайды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бизнес-қауымдастық МЖӘ тетігі арқылы денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға қабылдауға қызығушылық танытып отыр. Бұл тетікті іске асыру үшін, кәсіпкерлердің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігіне қосымша қаржылық құрамбөлік енгізу қажет.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы 19 сәуірде Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында МЖӘ мен жан басына қаржыландыру құралдары арқылы ұлттық жобаларды іске асыруға бизнесті белсенді түрде тартуды қамтамасыз ету, оның ішінде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру тапсырылған болатын.