Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы күндері Римде өтіп жатқан БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне қатысып, сөз сөйледі,-деп хабарлайды ҚР АШМ ресми парақшасында.
Саммитке 160 елден 2 мың адам, оның ішінде мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр. Форум алаңында 2021 жылы Нью-Йоркте өткен бірінші саммитке катысқан елдер қабылдаған міндеттемелер шеңберінде қол жеткізілген нәтижелер талқыланады.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген АШМ басшысы соңғы 20 жылда халықтың өсуіне қарамастан, Қазақстанда азық-түлікке қолжетімділік көрсеткіші айтарлықтай жақсарғанын және күніне 3100 ккал-ға жеткенін атап өтті. Бұл қолжетімді азық-түліктің халықтың өсімінен асып түсетінін көрсетеді, ол өз кезегінде ұлттық азық-түлік жүйесінің тұрақтылығын сипаттайды.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, климаттың өзгеруінің әсері Қазақстан үшін маңызды қауіп факторы болып отыр. Соңғы 45 жылда ел аумағындағы орташа жылдық ауа температурасының өсуі әр 10 жыл сайын 0,32 ºС құрады. Мұндай қарқынмен 2085 жылға қарай Қазақстанның барлық солтүстік аудандары жартылай құрғақ аймақта болады. Министрдің пікірінше, жалпы жылыну нәтижесінде су ресурстарының жетіспеушілігі жайылымдардың деградациясына әкеліп соғады, көптеген ауылшаруашылық дақылдарына, соның ішінде елдің негізгі экспорттық тауарларының бірі – бидайға соққы береді.
Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметі жаһандық жылыну процестерінің азық-түлік жүйесіне әсерін азайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар кешенін қабылдап жатыр. Олардың қатарында көміртекті бейтараптыққа қол жеткізудің бекітілген стратегиясы бар. Бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығын тұрақты жүргізу практикасын кеңейту көзделеді. Мәселен, мал шаруашылығында малдың генетикалық ресурстарын орнықты пайдалану, дамыту және сақтау, метан шығарындыларын азайту үшін технологиялық шешімдерді қолдану және жайылымдарды ұтымды басқару сияқты басқару әдістері енгізілетін болады.
«Климаттық оңтайландырылған ауыл шаруашылығының ауқымын кеңейту, атап айтқанда көміртекті егіншілікті дамыту, нүктелі егіншілік қағидаттарын енгізу, климаттың өзгеруіне төзімді жаңа сорттарды шығару, органикалық ауыл шаруашылығы практикасын дамыту көзделіп отыр», – деді министр.
Сонымен қатар, АШМ басшысы климаттың өзгеруіне бейімделген отандық селекция жүйесін құруды, сондай-ақ тұқым материалының сапасын бақылау және оны сертификаттау жөніндегі бірыңғай мамандандырылған органды құруды көздейтін селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар туралы айтып берді.
«Еліміздің өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі UPOV халықаралық конвенциясына қосылуы жоспарланған. Қазақстан өсімдіктердің генетикалық ресурстарына бай және біз жаңа сорттарды жасау кезінде отандық коллекциямызды пайдаланатын боламыз», – деп толықтырды АШМ басшысы.
Ербол Қарашөкеев елімізде ФАО-мен бірлесіп пестицидтердің өмірлік циклін басқару, құрғақшылық пен тұзданумен күресу, жайылымдық жерлерді қалпына келтіру жөніндегі Жаһандық Экологиялық Қордың жобалары іске асырылып жатқанын атап өтті. БҰҰ-ның тиісті конвенциясы шеңберінде шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын жаңарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Министрдің пікірінше, бұл жаһандық жобалардың барлығы жер ресурстарын тұрақты басқарудың ұлттық жүйесін қалыптастырып, өзекті картографиялық база құрады және тозған жерлерді қалпына келтірудің озық тәжірибелерін енгізеді.