PoliticsБасты

Министр қызметіндегі 100 күн: Қайырбек Өскенбаев нақты жоспарларымен бөлісті

Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың Мемлекет басшысының Жарлығымен министр лауазымына тағайындалғанына – 100 күн. Бұл туралы ИИДМ басшысы Telegram-дағы каналында жазды. 

Қ. Өскенбаев осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар бойынша ақпарат беріп, нақты жоспарларымен бөлісті.

Министрдің пайымдауынша, 2022 жылдың қаңтар айында инфляцияға қарсы әрекет ету бойынша 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар кешені қабылданды. Осылайша, энергия өндіруші ұйымдарды қолжетімді бағамен көмірмен қамтамасыз ету және импортты алмастыратын жаңа жобаларды іске асыру бойынша шаралар көзделген. 

Сонымен бірге ведомство басшысы тұрғын үй құрылысы мен қала құрылысына қатысты ережелерге өзгерістер енгізіліп жатқаны туралы жазды. Яғни, қалаларды дамыту мен көп қабатты тұрғын үйлер салу саласындағы ахуалды елеулі түрде өзгерте алатын нормативтік құқықтық актілер әзірленген. 

«Биылдан бастап «шаршы метр құрылысынан» өмір сүруге арналған жайлы орта қалыптастыруға көшу жоспарда бар. Бұл жер ресурстарын тиімді пайдалану, көше-жол желісін дамыту және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру есебінен жинақы және алуан түрлі құрылыс салудың нәтижесінде мүмкін болады. Сондай-ақ қалалардың кешенді құрылысы бойынша жаңа стандарттарды енгізетін боламыз. Осылайша, құрылыс кезінде бірінші кезекте тұрғын үйдің азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкестігі, тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығы, сонымен бірге құрылыстың тығыздығы мен жайлылығы ескерілетін болады», – деп жазды министр.

Министр сонымен қатар құрылыс жұмыстары үшін жер телімдерін беру мәселесіне де тоқталып өтті. Бұл ретте тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптар қайта қаралып, жер учаскелерін конкурстан тыс беру тәжірибесін заңнамалық түрде алып тастау жоспарланып отырғаны белгілі болды. Бүгінгі таңда аталған мәселенің әлсіз тұстары пысықталып, негізгі бағыттар бойынша шаралар айқындалуда.  

Сонымен бірге құрылыс саласын цифрландыру және автоматтандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын жазды. 

«Бүгінде «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесі әзірленді. Ол құрылыстың барлық кезеңін қадағалауға мүмкіндік береді. Аккредитация бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, құрылыс жұмыстарына лицензия беру және басқа да процестер автоматтандырылды. Осылайша құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыс жалғасатын болады», – делінген жазбада.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі сондай-ақ өңір тұрғындарының проблемалары бойынша қоғамдық талқылаулар өткізу игі дәстүрге айналып келе жатқанына ерекше назар аударды. 

«Кездесулерде жол құрылысы, ауыз су, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік мәселелер көтеріледі. Осындай форматтағы кездесулер өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі зерделеуге көмектеседі деп санаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықпен өңірлерге арнайы барып та, кездесетін боламыз», – деп жазды ведомство басшысы. 

Толығырақ https://t.me/kairbek_uskenbayev/54 

Басқа жаңалықтар

Back to top button