Басты

ИИДМ: Қазақстанның 2020 жылғы автомобиль өнеркәсібі – санмен

Пандемиямен және қаржы секторының тұрақсыздығымен байланысты әлемдік дағдарысқа қарамастан, Қазақстан Республикасының автомобиль өнеркәсібі 2020 жылы өндіріс пен сатылымда елеулі өсімді көрсетті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

96 жетекші елде автомобиль өнеркәсібін талдаумен айналысатын NCSA (Ұлттық автомобильдерді сату қауымдастығының) әлемдік сарапшылары жылдың ортасында әлемдегі саланың жаһандық құлдырауын атап өтті. Алайда, сол кездің өзінде машина жасау саласындағы тұрақты көшбасшылардың теріс көрсеткіштерінің аясында тек 4 ел ғана оң статистиканы көрсете алды, ал олардың көшбасшысы Қазақстан болды.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылы автомобиль жасау саласындағы өңдеу өнеркәсібінде ең үлкен өсімді (50% – дан астам) атап өтті.

ИИДМ деректері мен Қазақстанның Автоөнеркәсібіндегі жылды қорытындылаған Қазақстандық АвтоБизнес қауымдастығының сарапшылары растап отыр. Елімізде жылдық өндіріс көлемі 2020 жылы 77 471 бірлік техникаға жетті, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен бір жарым есе артық (50 541 бірлік) болды. Соның ішінде жүк автомобильдері мен автобустардың өндірісі бойынша көрсеткіштердің өскені байқалады. 2020 жылы отандық зауыттар шамамен 40% өсімді көрсете отырып, 5 000-нан астам техника өндірді.

Бұл ретте, 2019 жылы ҚР машина жасаудағы автомобиль жасау секторының үлесі небәрі төрттен бірін (26,3%) құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш үштен біріне дейін (33,4%) өсті.

2020 ЖЫЛҒЫ ОҚИҒАЛАР

Автомобиль өнеркәсібінің 2020 жылғы табысты көрсеткіштеріне Үкімет пен бейінді Министрліктер тарапынан да, отандық зауыттар тарапынан да бірқатар нақты қадамдар әсерін тигізді.

Өндіріске жаһандық трансұлттық инвесторлар тартылды, жаңа брендтер, оның ішінде қол жетімді сегментте пайда болды. Сала үйлесімді, ең бастысы коронавирустық пандемияға байланысты карантиндік шараларға автомобильдерді онлайн сатуды енгізіп, сол арқылы өндірілген өнімдерді сату тізбегін, сондай-ақ өнімнің тұтынушыларға қолжетімділігін сақтай отырып, уақтылы жауап берді. Үкіметтің тапсырмасы бойынша автосалондарда автокөліктерді тіркеу орындары ашылды, мұны әуесқой автомобильшілер жақсы бағалады.

Жеңілдікпен автонесиелеу және лизинг бағдарламалары маңызды рөл атқарды, олар бірнеше жылдар бойы қазақстандық тұтынушылар мен шағын және орта бизнес өкілдеріне қолжетімді қаржы құралы арқылы автомобиль техникасын сатып алуға мүмкіндік берді.

2020 жылғы осы саладағы басты оқиға деп Қазақстандағы жаңа зауыттар мен өндірістердің іске қосылуын есептеген жөн.

Наурызда Қостанай зауытында Chevrolet автомобильдерінің өндірісі іске қосылды. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде бұл отандық автомобильдер Қазақстандағы 2020 жылғы ең танымал брендтердің қатарына кіріп, елдегі ең жылдам дамып келе жатқан брендке айналды. Осы уақыт ішінде зауыт осы марканың 15 мыңнан астам бірлігін шығарды.

Қостанайлық өндірушімен өткен жылы еліміздің барлық техникасының 51,7% өндірілгенін атап өткен жөн. 40 050 көлік бірлігін шығара отырып, кәсіпорын дәнекерлеу және бояу операцияларын қолдана отырып, өзінің көрсеткіштерін 100 мың белгіге дейін шығарды. 2021 жылы зауыт жаңа өндірістік желілерді орнатуға, сондай-ақ өзінің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге 8,4 млрд теңге көлемінде қомақты қаржы салуды жоспарлап отыр.

Қазан айында Алматы қаласында Hyundai жеңіл автокөліктерін шығаратын зауыт ашылды. Өндірістік қуаты бірінші кезеңде – 30 мың бірлік, екінші кезеңде – экспортқа жасалған келісімшарттарды қоса алғанда, жылына 45 мың бірлікке дейін. Автомобиль шанағын дәнекерлеу және бояу бойынша операциялар игерілді, компоненттерді өндіру бойынша бірқатар келісімдерге қол қойылды. Осылайша, 2020 жылы қазақстандық тұтынушылар ең танымал болған Hyundai маркасына ерекше бейілділік танытты. Инвестицияның жалпы көлемі 28 млрд теңгені құрады.

Желтоқсан айында Қарағанды облысының Саран қаласында Yutong компаниясымен бірлесіп құрылған автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт іске қосылды. Компанияға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 23 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жыл сайын 1 200 бірлік автобус пен электр автобустарын, сондай-ақ 500 бірлік арнайы техниканы шығаруға мүмкіндік береді. Шығарылатын көлік Қазақстанның қоғамдық көлігін жаңарту бағдарламасын іске асыруға елеулі үлесін қосады. Бұл ретте жоба еліміздің білім беру мекемелерін қауіпсіз және заманауи көлікпен қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді. Зауыттың алғашқы мектеп автобусын Қарағанды қаласының 104-ші гимназиясына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына келген жұмыс сапарының барысында сыйға тартты.

Қостанай қаласында «КАМАЗ» ЖАҚ-мен бірлесіп, қуаты жылына 40 мың тонна құйма шығаратын KAMAZ жүк автомобильдеріне арналған картерлердің арқалықтары мен шойын құю өндірісі бойынша зауыт құрылысының бірінші кезеңінің жұмыстары аяқталу сатысында. 2020 жылы жетекші көпірлердің редукторларын өндіру бойынша тағы бір жоба бекітілді. Жаңа зауыт жылына 62 000 бірлік компоненттерін шығаруға қабілетті болады.

Екі жоба да Қостанай қаласының индустриялық аймағында іске асырылады және «КАМАЗ» ЖАҚ өндірістік тізбегінде қарастырылған. Барлық өнімнің басым бөлігі Татарстан Республикасындағы басты конвейерге жеткізілетін болады. Жобаларды іске қосу 1 000-нан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 160 млрд теңгені құрайды.

Саран қаласы және бүкіл автомобиль өнеркәсібі үшін «Татнефть» ЖАҚ-мен бірлескен шина өндірісі бойынша жаңа зауыттың пайда болуы маңызды оқиға болмақ. Жоғары технологиялық өндіріс 1 100 жаңа жұмыс орнын құруға, ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамытуға алып келеді. Зауыт жеңіл техникаға арналған 3 млн шина және коммерциялық техника мен автобустарға арналған 500 мың шина өндіруге қабілетті болады. Жобаға салынған инвестицияның сомасы шамамен 125 млрд теңгені құрайды.

Наурызда Қостанай қаласында жергіліктендіру бойынша алғашқы нақты жобаның құрылысы аяқталады. Жергіліктендіру орталығы барлық қазақстандық өндірушілер үшін компоненттік база шығарумен айналысатын болады, соның арқасында кәсіпорындар өзінің өнімдеріндегі отандық қамту үлесін арттыра алады. Өндірістік қуаттардың жалпы ауданы 27 000 шаршы метрден асады.

Жобамен заманауи технологиялық жабдықтар (дәнекерлеу жұмыстары, бояу желісі, лазермен кесу, ию қыспағы, табақты ию, құбырды ию және т.б.) қарастырылған.  Жоба шығарылатын өнімді жергіліктендіруде ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың қажеттіліктерін толығымен жабады (пластикалық бөлшектер, кабиналар, қыспақ-іріктеушілер, сепкілер, тракторлар мен комбайндарға арналған тораптар мен аспалы жабдықтар). Автомобиль өнеркәсібі үшін компоненттік базаның бөліктерін шығаруды игеру басталды.

Жергіліктендіру орталығы сондай-ақ адами капиталды дамыту жөніндегі инновациялық инжиниринг орталығының жобасын, сондай-ақ мамандарға арналған жатақхананы қамтиды.

Барлық жаңа жобалар Қазақстан Республикасының өндірістік белдеуінің маңызды құрамдас бөліктері болып табылады, онда компоненттердің өндірісін дамытуға бағытталған жұмысқа арналған жаңа форматтағы зауыттар біріктірілген. Бұдан басқа, қазақстандық кәсіпорындар жақын көршілері – Ресей, Қытай және Өзбекстанмен экспорттық нарықтарды ұсына отырып, автомобиль компоненттерін өндіру жөніндегі жаһандық тізбектердің қатарынан бой көтеруде.

ЭКСПОРТ

Зауыттардың экспортқа бағыты өндірілетін техниканың жоғары сапасын және шетелдік клиенттердің тарапынан оған деген сенімді көрсетеді.

2020 жылы Қазақстан жақын шетелдерге 8 122 бірлік автомобиль экспорттады, бұл 2019 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 3 есе артық (2629 бірлік). Жалпы, күнтізбелік жылдың ішінде елден 55,9 млрд теңге сомасына барлық өндірілген техниканың 10% – дан астамы экспортталды.

Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қырғызстан елдерінде Hyundai, Chevrolet және JAC брендтеріне сұраныс жоғары.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ТАҢДАУЫ

2020 жылы қазақстандықтар 93 000-нан астам жаңа техниканы сатып алды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 25% – ға артық (75 156 бірлік) болды. Бұл ретте елімізде сатып алынған 3 автомобильдің 2-і отандық өндірістен шыққан.

Өткен жылы Қазақстанның ең сұранысқа ие болған брендтері Hyundai, Chevrolet және Toyota болды. Айта кететін жайт, ең танымал 5 брендтің 4 – і қазақстандық өндірістен (Hyundai, Chevrolet, Ravon және Lada).

Автобустардың ішіндегі ең көп сатылатын бренд сөзсіз Yutong болды. 2020 жылы Қазақстанда осы брендтің 1 000-ға жуық автобустары мен электр автобустары сатылды.

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ

Өткен жылы санитарлық көліктің жетіспеушілігінің мәселесі бүкіл әлемде өзекті мәселелердің біріне айналды. Қазақстан ішкі ресурстарының есебінен бұл проблеманы тез шешкен аз елдердің бірі болып табылады.

Отандық зауыттар 2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша коронавирустық инфекциямен күресу үшін қысқа мерзімде JAC Sunray, Hyundai H350, ГАЗель NEXT, УАЗ базасында медициналық жабдықтармен толық жабдықталған 1 167 бірлік жедел медициналық жедел жәрдем автомобильдерін өндіруді және жеткізуді реттеді.

Бұдан басқа, Қостанайда «дөңгелекті емхана» деп аталып кеткен 12 метрлік Yutong автобусының негізінде 100 жылжымалы медициналық кешендер шығарылды, пациенттерді емханаларға тасымалдауды қамтамасыз ету үшін Chevrolet DAMAS өндірісі іске қосылды. Бұл өнім ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп әзірленді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және Kaspi.kz қолдау көрсетілген, жылдам (бір айдан аз), арзан (9,5 млн тг) және уақтылы шешім.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ТЕХНИКАСЫ

2020 жылы ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің өскені байқалады. Автомобиль зауыттары сияқты, комбайндар мен тракторларды шығаратын зауыттар да өздерінің өндірісін тоқтатқан жоқ, сол арқылы өткен жылы егіннің тұрақты жиналуына ықпалын тигізді.

Жалпы, сарапшылар атап өткендей, отандық зауыттар 93 млрд. теңгеге 6 272 бірлік техника өндірді. Өндірістің жылдық өсімі заттай көріністе 98,2%-ды құрады, құндық мәнінде шығарылымы бірден 2,5 есеге артты.

2020 жылы 3 547 трактор мен комбайн өндірілді, бұл бір жыл бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда 120% – ға артық болды. Тракторлардың өндірісі 2 585 бірлік белгісіне, 39 млрд. теңге болды. Олардың ішінде 1 048 трактор Ақмола облысында («Беларус» және «RSM») шығарылды, 585 бірлік Қостанай зауыттарына («Lovol» және «Кировец»), 561 трактор – ШҚО («Беларус») тиесілі. Бір жыл ішінде елімізде 962 комбайн өндірілді, бұл 2019 жылғы деректермен салыстырғанда 567 бірлікке артық болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Үкіметінің 2020 жылғы кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін инвестициялар мен технологияларды тартудың қажеттігін атап өтті. Осы салада Мемлекет басшысының жолдауы үлкен жетістікпен орындалуда.

Осылайша, соңғы жылдары қазақстандық ауыл шаруашылығы машинасын жасау жергіліктендіруді тереңдетіп қана қоймай, өнімдерінің желісін белсенді түрде кеңейтуде.

Елімізде «Петербург трактор зауыты» (Кировец), «Lovol», «Ростсельмаш» және т. б. сияқты ауыл шаруашылығы техникасының ірі әлемдік өндірушілерімен бірлесіп жаңа жобалар пайда болды. 2020 жыл сондай-ақ әлемдік ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудағы алпауыттар – «Claas» неміс компаниясымен (СҚО-да зауыт құрылысы) және австриялық «PÖTTINGER» компаниясымен (Қостанайда егіс кешендерін өндіру) келісімдерге қол қоюмен есте қалды.

2021 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН МІНДЕТТЕР

2021 жылы ҚР ИИДМ-де және отандық өндірушілерде мемлекеттің алға қойған нақты міндеттері бар – 100 000 бірлік техниканы өндіру, жұмыс орындарын сақтау және ұлғайту, шығарылатын өнімдегі экспортты және жергілікті қамту үлесін ұлғайту, салаға инвестицияларды тарту.

Саланың дамудағы келешегін, елдің автопаркін жаңарту міндеттерін, өндірушілердің дайындығын талдай отырып, Қазақстандық АвтоБизнес Қауымдастығы 2021 жылы барлық көрсеткіштердің орындалатынын болжап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button