AgroБасты

ҚР АШМ шаруаларды тыңайтқыштарды белсенді пайдалануға шақырды

Бүгін Қостанай облысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылғы көктемгі-егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы алғашқы кеңес өткізді.

ҚР АШМ вице-министрі Рүстем Құрмановтың қатысуымен өткен кеңес барысында егіс науқанының жоспары, тұқым сапасы мен ауыл шаруашылығы техникасын дайындығы және отын қоры талқыланды. Сондай-ақ, ҚР АШМ өкілдері тұқым шаруашылығын қолдау және тұқым тазалайтын техниканы сатып алу үшін инвестициялық субсидиялау ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

Оның айтуынша, егер бұрын фермерлерге тек импорттық тұқым тазалайтын техниканы сатып алуға ғана субсидия берілсе, енді отандық және украиналық, сондай-ақ ТМД елдерінің өнімдерін сатып алуға жұмсалған шығындар да өтеледі.

«Шаруалардың өтініші бойынша тұқымға субсидия беру ережелері өзгертілді. Енді субсидияны Қазақстанда және шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алған барлық шаруалар ала алады. Ескі ережеде бұл қарастырылмаған болатын. Аталмыш шара сапалы тұқымдарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деді ҚР АШМ вице-министрі.

Сонымен қатар, жиын барысында Рүстем Құрманов минералды тыңайтқыштарды қолдану тақырыбына тоқталды. Оның айтуынша, 2020 жылы республика бойынша жергілікті бюджеттерде минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 23 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған.

ҚР АШМ вице-министрі Қостанай облысы тыңайтқыштарды қолдану көлемін айтарлықтай арттыратынын атап өтті. 2019 жылы бюджет қаражатын ұлғайту есебінен өңір аграрийлері 45 мың тонна субсидиялық минералды тыңайтқыш алған. Бұл 2018 жылға қарағанда 54%-ға артық. Ал, 2020 жылы 50 мың тонна тыңайтқыш сатып алу жоспарланып отыр. Минералды тыңайтқыштарды қолданатын фермерлер үшін жергілікті бюджетте 3 млрд. теңге субсидия қарастырылған.

Жалпы республика бойынша егіс алқабы ағымдағы жылы 22,5 млн га құрайды, бұл 2019 жылға қарағанда 237,7 мың гектарға артық. Бұл ретте дәнді және бұршақты дақылдар өткен жылмен салыстырғанда (былтыр 15,4, биыл 15,2 млн га) азайған, ал майлы дақылдар керісінше, 122,2 мың га (барлығы 3 млн га) көп.

Биылғы жылы көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың болжамды көлемі 19,3 мың гектарға, мал азығы – 308,6 мың гектарға артық.

Қазақстанда егіс науқанын жүргізу үшін 2,47 млн тонна сапалы тұқым дайындалды (жоспарға 100,2%), оның ішінде дәнді дақылдар – 1,94 млн тонна (жоспарға 100,6%), майлы дақылдар – 89 мың тонна (жоспарға 99%), жем-шөп – 15,7 мың тонна (жоспарға 94,5%), картоп – 418 мың тоннадан астам (жоспарға 98,7%).

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Р.Құрмановтың айтуынша, республикада көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасын дайындау жоспарлы түрде жүргізіледі. Облыс әкімдіктерінің 1 наурыздағы деректері бойынша тракторлардың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы 82%-ды, егіс кешендері – 100%-ды, тұқым сепкіштер – 80%-ды, топырақ өңдеу құралдары – 82%-ды құрайды.

Егін егу барысында 4 мыңнан астам заманауи жоғары өнімді кешендер пайдаланылатын болады (жаңа техника сатып алуды есепке ала отырып). Олар егіс алқабының 70%-ын егуге көмектеседі.

Егіс жұмыстарын жүргізуге Энергетика министрлігінің келісімі бойынша 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ауа райының күрделі жағдайларын ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша 10 мың тонна бөлуді ұсынды, бұл барлық өңірлердің дизель отынына деген сұранысын толық жабуға мүмкіндік берді.

«ҚР Энергетика министрлігі мұнай өндіру зауытында дизель отынының бағасын ақпан және наурыз айларында литрі 161 теңге деп белгілегенін атап өту қажет. Бұл тонна үшін 194 мың теңгені құрайды. Операторларды жеткізуді ескере отырып, өңірлерде литріне орташа баға 177 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта аймақтарда операторлармен шарт жасасып, бөлінген отын көлемі үшін ақы төленуде», – деді ҚР АШМ вице-министрі.

Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ АӨК субъектілерін қолдау үшін республикалық бюджеттен 70 млрд. теңге бюджеттік несие бөлді. Бұл бұрынғыдан 10 млрд. теңгеге артық. Несие алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%-дан аспайды.

Шаруаларға несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ екінші деңгейлі банктердің, кредиттік серіктестіктердің, өңірлік инвестициялық орталықтар мен микроқаржы ұйымдарының кепілдігі арқылы тікелей берілетін болады.

____________________

Кеңесті өткізу орны маусымда қолайсыз ыстықтан зардап шеккен еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінің бірі ретінде таңдалды. Сол кезде мемлекет шаруалардың қолдауы үшін Үкімет резервінен аналық мал басын ұстауға қосымша 378,6 млн теңге бөлді, сондай-ақ «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаржы ұйымдарының қарыз алушылары үшін несие беру шарттары қайта қаралған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button