Қазақстан Республикасы Үкіметтік делегациясының Ресей Федерациясына сапары барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Астана халықаралық қаржы орталығымен бірге РФ «Росгеология» АҚ геологиялық барлау кешенімен әріптестік туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында Тараптар «Росгеология» АҚ-ның дамыған өндірістік және бай геологиялық ақпараттар базасы, жоғары кәсіби құзіреті бар екенін атап өтті. Қазақстанның экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, қабылданған келісім қос елдің геологиялық барлау саласын дамытуға жаңа серпін береді.
«Геологиялық барлау сияқты маңызды саладағы әріптестік туралы Меморандум стратегиялық тұрғыда өте өзекті. Ол екі елдің аталған саладағы потенциалын аша түсуге септігін тигізеді. Жаңа, озық технологияларды енгізу арқылы геологиялық барлаудың тереңдігін ұлғайта түсу қажет деп есептеймін. Ал Астана халықаралық қаржы орталығымен әріптестік біздің елдеріміздің инвестициялық тартымдылығын арттырады»,- деп айтты Мағзұм Мырзағалиев.
Бұдан бөлек, Меморандум аясында Тараптар геология бойынша қаржыландырудың банктік емес балама әдістері саласында, қаржыландырудың биржалық құралдары мен жасыл қаржыландыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге келісті.
Үшжақты келісім жоғарыда аталғандардан бөлек, геологиялық барлауды реттеу мен даму жолындағы кедергілерді жоюда қолданылатын озық технологиялар саласында тәжірибе мен білім алмасу бойынша әріптестікті де көздейді.
Тараптардың пікірінше, әріптестік нәтижесінде инвесторлардың геологиялық барлау жобаларына қызығушылығы арта түседі. Сонымен бірге жобалардың қаржыландырылуын
Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында халықаралық стандарттарға сай құрылымдауға мүмкіндік туады.