Басты

Е. Тоғжанов COVID-19 қарсы отандық вакцина шығаратын зауыттың салыну барысымен танысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Қордай ауданына барды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жұмыс сапары барысында вице-премьер Гвардейский ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы барысымен танысты. Зауыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл аяқталады, қазіргі уақытта барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген. Жұмысқа 145 адам және 30 бірлік техника жұмылылған. Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастайды.

Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфекциясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 млн дозасын өндіру жоспарланып отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары институт қызметкерлерімен кездесіп, оларды әңгімеге тартты.

«Биофармацевтикалық зауыттың құрылысы және коронавирусқа қарсы отандық вакцина жасау ел Президентінің ерекше бақылауында. Біз бүгін барлық көкейкесті мәселелерді осы жерде талқылап, шешу үшін арнайы келіп отырмыз. Тұрғын үймен және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жалақыны көтеру мәселелері қазірдің өзінде шешімін табуда. Сонымен бірге сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүкіл ел сіздерге үміт артады», – деді Е. Тоғжанов.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ірі зауыттың салынуы аймақ экономикасының дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.

Бұдан соң Ералы Тоғжанов институт  қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлік үйдің құрылыс барысымен танысты. Нысанның құрылысы тамыз айында басталған, ол келесі жылдың басында пайдалануға беріледі. Тағы екі тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда.

Институт жұмысымен танысқан соң Ералы Тоғжанов Қордай ауданының дамуы, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институтының өзекті мәселелерін шешу жөнінде кеңес өткізді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button