Мемлекет басшысы жоғары сапалы ферросилиция (FeSi75) өндірісімен танысты. Бұл өнімнің қоспасы болат, шойын қорыту кезінде металлдардың механикалық және коррозиялық төзімділігін жақсарту үшін қолданылады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өндіріс процесі мен өндірісте, құрылыста, кеме, әуе көліктерін және автомобиль жасауда қолданылатын дайын өнімдер көрсетілді.
Зауыттың қуаттылығы жылына 180 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Онда қолданылатын технология ферросилиция мен ферромарганец өндіруге мүмкіндік береді. Жобадағы отандық өнімнің үлесі 95 пайыздан асады.
Зауыттың акционерлері Е.Нығматулин, А.Кемертелидзе және Ж.Аппаз аталған жобаның жергілікті және жаһандық сұранысты қамтамасыз ететінін айтты. Атап айтқанда, мұнда өндірілген ферросилиция Қазақстаннан бөлек, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің нарығына шығарылады.
Кәсіпорынның өнімі сапасы жағынан ең жоғары әлемдік талапқа сай келеді. Пандемия кезінде компания өнімнің сатылу аумағын 15 елге арттырып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін көтеруге үлес қосты. Қазіргі таңда зауыт өз өнімін әлемнің 37 еліне экспорттайды.
Компания COVID-19 пандемиясының бірінші толқыны кезінде жұмыс кестесін вахталық әдіске көшіріп, барлық қажетті жағдай жасағанының арқасында қазіргі өндіріс көлемін сақтап қалды.
Сонымен қатар Президент өндірісті басқару орталығын аралап көріп, «Qaz Qarbon» ЖШС-нің жаңа жобасымен танысты.
– Бұл өте қажетті және жақсы жоба. Құтты болсын. Қазақстанды индустриаландыруға қомақты үлес қосқанын айтпағанның өзінде, ел экономикасының маңызды активі саналады. Өндірісті жылдам көріп шықтық. Бірақ бұған қатысты үлкен жоспарларымыз бар. Бақылап, көмектесіп отырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ферроқорытпа зауытының еңбек ұжымына табыс тіледі.