Қазақстан Елшісі Бангладеш Президентіне сенім грамоталарын тапсырды
Қазақстанның Бангладештегі Елшісі Ерлан Әлімбаев Бангладеш Халық Республикасының Президенті Абдул Хамидке Сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Даккадағы «Бангабхабан» президенттік сарайында өткен салтанатты рәсімнен кейін Бангладеш басшысымен болған кездесу барысында Е.Әлімбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың А.Хамидке және Бангладештің бауырлас халқына арналған ізгі тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар, тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың қазіргі аххуалы мен келешегі туралы пікір алмасты.
Қазақстандық дипломат Бангладеш Президентін еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары және Президент Қ.Тоқаевтың бастамалары мен елдегі жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалармен таныстырды.
Кездесу соңында Нұр-Сұлтанның Даккамен екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендігі ерекше атап өтілді.