TechБасты

Түркістан өңірінде электронды коммерция қарқын алды

Пандемия кезінде әсіресе мал саудасының онлайн түрі дамыған Түркістан облысында тұрғындар  жаңа платформаны игеруде. Атап айтсақ, Бәйдібек ауданының шаруалары үйден шықпай-ақ, малын өткізіп, нәпақасын тауып отыр. Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жас кәсіпкерлермен кездесіп, ата кәсіпті нәсіпке айналдырған азаматтардың батыл бастамаларын қолдады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Креативті ойлап, заман ағымына қарай батыл қадам баса білген өте дұрыс. Кез – келген кәсіптің қыр – сырын меңгерген адам қатарынан озады. Мал шаруашылығын дамытып жүрген өздеріңіздей жастардың барын естіп, арнайы келдім. Білген кісіге мал асырау әрі жұмыс, әрі пайда көзі. Карантин кезінде  кәсіптің көзін тауып, электронды коммерцияға көшкен бетбұрыстарыңыз үлгі болар іс»,-деді Өмірзақ Естайұлы ауыл жастарымен кездесу барысында.

Жаңа буын өкілдері Ақбастау елді мекеніндегі «Ernur корпорациясы» жеке серіктестігінің кешенді шаруашылығында бас қосты. Олардың барлығы егін және мал шаруашылығын мықтап қолға алған. Өз техникасы мен 4 мың га дейін шаруа қожалықтарына иелік етеді.

Осы шаруамен түбегейлі айналысатын ауыл тұрғыны Алмаз Алтайұлы асыл тұқымды ірі мал санын арттыруды қолға алған. Карантинді кедергі көрмеген азамат онлайн тапсырыс беру арқылы таулы Алтайдан калмықтың асыл тұқымды 121 сиырын сатып алған. Әлеуметтік желінің көмегімен шетелден төрт түлікті тапсырыспен алдырған азамат осылайша артық шығыннан арылғанын айтады.

Ауданда төрт түлікті онлайн түрде саудалау ісі қарқын алған. Коронавирус індетіне байланысты мал базаларының жабылуы бөгет болмаған бәйдібектіктер ел арасында жиі пайдаланатын мессенджерлерде сауда жүретін чаттар ашқан. Онлайн базарда жылқы, сиыр, қой, ешкі және үй құсының түр-түрін, тіпті экзотикалық тауыс құсына (павлин) дейін сатып алуға болады.

Аудан жастары төрт түлікті саудалауға арналған сайт құрастыруға кіріспек. Әзірге мал сатып алу-сату үшін 7000-ға жуық тұрғын «WhatsApp» пен «Telegram» мессенджерлері арқылы «Берекелі Бәйдібек» «Бәйдібек Мал Базары» чатына тіркеліп, пайдалану тиімділігін түсінген.

«Карантин кезінде ауылдағы жас кәсіпкерлер ортақ чат ашып, сауданы жалғастырдық. Өте ыңғайлы.  Әр демалыс сайын халық малын жетектеп, мал базарына ағылалы. Онда орын үшін қаржы шығындайды. Күні бойы тұрып, малы өтсе өтті, өтпесе қайта жетектеп үйіне қайтады. Сондықтан бәріне ортақ мәселені осылай шештік. Алда арнайы сайт ашып, Бәйдібек ауданының мал шаруашылығын әрі қарай дамытуды көздейміз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Абылай Қайратұлы.

Ауылшаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, осы жылдың 9 айында өңірде мал басы шамамен 5-7 ал, ет өндіру 2,2 пайызға артқан.

Ғаламтордағы саудасы негізінен maltabu.kz, malsatu kz, malbazar kz, және whatsApp, Telegram желілері арқылы қызады. Сонымен қатар, мал тұқымын асылдандыру үшін шетелден мал әкелу мәселесі де тоқтамапты. Карантиге қарамай биылдыққа сырттан 3000-ға жуық ірі қара сатып алынған. Одан бөлек түйе шаруашылығын дамыту үшін 1305 бас ойсыл қара тұқымы алынған. Жүйелі жұмыстардың арқасында өңірде мал бағасын бір қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік туған.

Нәтижесінде мал баққан шаруалар да шығынға батпай, өңірде төрт түлік өнімінің негізсіз қымбаттауына жол берілмеген. Қазір өңірде өндірілген ет өнімдері ел аумағымен қатар, көрші Өзбекстан Республикасына саудалануда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button