Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов ПТР тест анықтамасынсыз басқа өңірлерге шыға алмайтын екінші облысты атады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
«2020 жылдың 9 қарашасынан бастап Солтүстік Қазақстан облысынан Қазақстанның басқа аймақтарына әуе немесе теміржол көлігімен сапар шегетін жолаушыларда COVID-19-ды жоққа шығаратын ПТР-тесттің анықтамасы болуы керек. Оның жарамды мерзімі – алған күннен бастап 3 күннен аспайды. Бұл талап 5 жасқа дейінгі балаларға қатысты емес», – деді Байғабылов.
Петропавл қаласындағы әуе ұшағына немесе вагонға кірген жолаушыларда коронавирус жоқтығы туралы ПТР тест анықтамасы болуы тиіс.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының аумағын басып өткенде жолаушылар пойыздарының тоқтауына тыйым салынады және вагондар арасында жолаушылар қозғалысына шектеу қойылады.
«Солтүстік Қазақстаннан ұшып келген әуе кемелері басқа өңірлерге қонған кезде жолаушылардың ПТР тестіден өткені-өтпегені тексеріледі. Пойыздарда сол тәртіп болады. Жолаушыларды басқа адамдардың әуежай мен теміржол вокзалы ғимаратына шығарып салуға немесе еріп жүруге рұқсат етілмейді, ғимаратқа билеттері бар жолаушылар ғана кіргізіледі», – дейді ол.
Егер ПТР-анықтамасы жоқ жолаушылар анықталса, тасымалдаушыларға әкімшілік шаралар қолданылады. Айыппұл көлемі – 1600 АЕК.