Елордада «Волонтерлер мектебі» жобасының қорытындысы шықты. Оның аясында 90 медициналық ерікті оқытылды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Волонтерлер мектебі» – «Қазақстанның медициналық жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған жоба.
Бір апта ішінде 16 мен 24 жас аралығындағы 90 жас алғашқы медициналық көмекке, коммуникативті дағдыларға оқытылды және коронавирус пандемиясының жазғы толқынында ауруханаларда жұмыс істеген еріктілермен кездесті.
«Волонтерлер мектебі аясында біз үш рет онлайн-тренинг өткіздік. Тыңдаушылар коммуникативті дағдыларды игерді, Ресей мен Қырғызстандағы шетелдік әріптестерінің тәжірибесімен танысты, сонымен қатар пандемия кезінде жұмыс істеген Қазақстандағы медициналық еріктілермен және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен әңгімелесті. Тәжірибелік сабақта олар алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренді – бұл қан кетуді тоқтату, күйіктер мен жарақаттарға күтім жасау, жүрек-өкпе реанимациясы», – деді жобаның ұйымдастырушысы, «Қазақстанның медициналық жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Әлижан Тұрсынтай.
Оның айтуынша, болашақта «Волонтерлер мектебінің» курсын аяқтаған адамдар ауруханалар мен емханалардағы медицина қызметкерлеріне көмекке тартылатын болады.
Қозғалысқа қосылуға ниет білдіргендердің шамамен 80%-ы елордалық медицина колледжінің, қалғаны қаланың басқа орта арнаулы оқу орындарының студенттері.