Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов көктемгі су тасқынын пайдаға жарату үшін арнайы бағдарлама дайындалғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тасқын суын шама жетсе пайдаға жарату керек. Әйтсе де жеріміздің солтүстігі мен орталық аумағының жазық боп келуі үлкен су қоймаларын салуға мүмкіндік бермейді. Тасқын суын жиып алу үшін аса үлкен су қоймасы керек. Жалғыз ғана Жайық өзені туралы айтар болсақ, кейінгі 10 жылдан бері ол жақта суы аз кезеңді өткеріп жатырмыз. Жақында Жайықтан барж арқылы насоспен су сорып, ЖЭО-ға жеткізуге тура келді. Ол жақта да су қоймасын салу мүмкіндігін қарастырғанбыз. Бірақ өкінішке қарай, ол жақта да үлкен су қоймасын салу мүмкін болмай тұр», – деді Сергей Громов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, ел аумағында шағын су қоймаларын салып, жазда ол су қорын егінге немесе басқа да қажеттілікке жаратуға болады.
«Президенттің тапсырмасымен, Үкіметтің қолға алуымен ондай бағдарлама жасалды. Біз су саласын жаңғырту бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселе 2020-2030 жылдарға арналған жоспарда бар», – деді ол.
Сергей Громов бағдарлама бойынша көктемгі суды жинап алатын 28 су қоймасының салынатынын жеткізді.
«Сонымен қатар ескіріп, пайдаға жарамай қалған су қоймаларын қайта жаңғырту керек. Бүгін иесі жоқ 10 су қоймасының бары айтылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар ол нысандарды пайдалана алады. Алайда біз ол су қоймаларын нығайтып, көбірек су қорын жинай алатындай ол нысандарды жаңғыртуға мән беріп отырмыз», – деді вице-министр.