Түркістан облысындағы мектеп оқушылары жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін қашықтан оқытуға арналған құрылғылармен толық қамтылады. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап Jana-kezen.kz хабарлайды.
Бүгінге дейін жалпы 7711 планшет пен 5952 компьютер алынды. Сондай-ақ, 2 айға арналған «Білім» тарифі қосылған сим-карта қоса беріледі.
Бұл туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Өңірдегі оқушыларды қашықтан оқыту мақсатында ҚР Үкіметі резервінің қаражатынан қазан айының 30-на дейін 57 190 компьютерлік құрылғы сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда, бұл техника Шымкент қаласындағы қоймаға жеткізілді. Құрылғыларды Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы жанынан құрылған комиссия мүшелері қабылдап алды. Енді компьютерлер мен ноутбуктар аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға үлестіріледі», – деді Рақымбек Қуатбекұлы.
Айта кетейік, Түркістан облысында 912 жалпы білім беретін мектепте 502 737 оқушы бар.
Бүгінде оның 446 109-ы қашықтан оқыту форматында білім алып жүр.