Мемлекет басшысы үкіметке Чойға қазақ-корей сөздігін құрастыруға көмектесуді тапсырғанын айтты.
Қазақстан Президенті Чой Ён Сонға жолдаған алғыс хатын Кореядағы елшіміз Бақыт Дүйсенбаев табыстады. Ол Ён Сон 2 жыл бұрын бітірген Хангук университетіне келді. Дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын оқып берді.
«Құрметті Ен Сон! Сенің «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатыңды ықыласпен оқып шықтым. Қазақ тілін жетік меңгеріп, өзгелерге, әсіресе, жастарға жақсы үлгі көрсеткенің үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақ-кәріс сөздігін әзірлеу туралы игі бастамаңмен танысып, еліміздің Сыртқы істер министрі мен Білім және ғылым министріне тапсырмамды бердім» – делінген жазбада.
Чой Ён Сон, Хангук шет тілдер университетінің түлегі:
– Бүгін мен үшін аса маңызды және қуанышты күн! Қайталанбас сәт! Мені елеп-ескеріп, хат жолдағаныңызға ризашылығым шексіз және шын жүректен алғысымды білдіремін! Болашақта екі ел – Корея мен Қазақстанның түрлі ынтымақтастығына көпір бола алатын тұлға болу үшін барымды саламын. Мүмкіндігім болса, Қазақстанда магистратураға оқуға түсіп, тағы бір маман иесі болғым келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев хатында Ен Сонға университетте төрт жыл бойы қазақ тілін оқытқан профессор Әлия Құрышжанға да сәлем жолдады.
Хангук университеті – Кореядағы қазақ тілі оқытылатын жалғыз университет. Оның жүзден астам түлегі қазірдің өзінде қазақ тілінде сөйлейді. Ұлы Даланың тілін білетін мамандар көп болар еді, бірақ оқу материалдары жеткіліксіз. Профессор Сон Ёнг Хун бұл мәселені шешуге ниетті. Қазақ тілінде диссертация қорғаған алғашқы корей азаматы үш жылдан бері қазақ-корей онлайн сөздігін құрастырып келеді.