SocialБасты

Астанада волонтер, блогер мен журналистер «Халық алғысы» медалімен марапатталды

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы атынан белсенді волонтерлер, меценаттар, блогерлер мен журналистерді пандемиямен күресте қосқан үлестері үшін «Халық алғысы» медалімен марапаттады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Аида Балаева «Birgemiz» республикалық акциясы аясында COVID-19 таралуына қарсы іс-шараларға қатысқан азаматтардың үлесін атап өтіп, ел өміріндегі қиын-қыстау кезеңде үздіктер қатарынан табылғандары үшін алғыс білдірді.

«Сын сағаттарда қиындыққа мойынсұнбай, өздеріңіздің азаматтық ұстанымдарыңызды көрсету арқылы, ұлтжандылық таныта білген Сіздер еліміздің мақтанышысыздар. Президент қайырымдылық және волонтерлік ұйымдары өкілдерімен өткен онлайн кездесуде волонтерлік қозғалыстың жалпы ұлттық масштабқа ие болып, азаматтардың көмек қолын созуға деген белсенді ұстанымы әлеуметтік нормаға айналып бара жатқанын атап өтті»,-деді А.Балаева.

«Халық алғысы» медалімен марапатталған журналист және тележүргізуші Динара Сәтжан: «Маған кейіннен біреу алғыс айтады деп ойламадым. Ол уақытта тек адамдарға қалай көмек берсек деген ой ғана болды», – деді.

Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының орталық аппаратының басшысы Ғылымбек Мәжиев пандемияның таралуымен күрес кезінде дін қызметкерлерінің маңызды рөлін атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, ҚР Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті еңбек етіп жүрген, сондай-ақ коронавирус пандемиясымен күресте ерекше көзге түскен 5 мыңнан астам азамат «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

2020 жылғы 30 қыркүйекте қайырымдылық және волонтерлік ұйымдары өкілдерімен өткен онлайн кездесуде Президент республика көлемінде марапаттарды өз иелеріне табыстауды тапсырды.

Бүгінгі шарада медальдар Д.Абдинге, А.Агибаеваға, Б.Беккожинаға, М.Бектазиновке, А.Власенкоға, А.Газалиевке, А.Гайсинаға, А.Горбачеваға, Г.Мажиевке, Д.Сатжанға, Р.Тидэге, З.Шалабаеваға, М.Базарбаевқа, Е.Кочетовке, А.Шагалаковқа табыс етілді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button