«Кентау трансформатор зауыты» АҚ өндіріс ошағында бір уақытта 6 адамның жұмысын атқара алатын, жапондық Yaskawa Motoman дәнекерлеуші-роботы іске қосылды. Айта кету керек, робот дәнекерлеу сапасын арттыруға және кәсіпорынның өнімділігін жоғарылатуға арналған. Бір дәнекерлеуші маманның 8 сағатта атқаратын жұмысын робот 20 минут ішінде орындап шығады, деп хабарлайды jana-kezen.kz
Yaskawa Motoman роботы Жапонияда ойлап табылған. Алайда Швецияда құрастырылып, Украина мемлекетінде арнайы өндіріске лайықты бағдарламасы енгізілген. Роботпен жұмыс істеу үшін Кентаудағы зауыттан 3 маман Украина мемлекетіне барып, арнайы іс-тәжірибеден өтіп келген. Болашақта зауытты тағы да осындай роботтармен толықтыру жоспарлануда. Айта кетерлігі, бұл дәнекерлеуші-робот Қазақстанда іске қосылған ең алғашқысы болып отыр.
Кентау трансформатор зауыты – электр энергетика, металлургия, машина жасау, көлік, мұнай-газ кешенін және тұрғын үй-коммуналдық секторын қоса алғанда, экономиканың барлық салалары үшін жеткізілетін, кең қолданысқа арналған трансформаторлық жабдықтарының жетекші қазақстандық өндірушісі. Зауыт шығаратын өнімдер халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Өткен жылдары зауыт өнімдерінің тізімі 400-ден астам атауға жетті. Трансформаторлардың техникалық пайдаланудың ұсынылатын мерзімі 25 жылды құрайды, бірақ, іс жүзінде дұрыс пайдалану және уақтылы сервистік қызмет көрсету кезінде трансформаторлар үздіксіз 40-50 жыл жұмыс істейді.
Зауыттың өнімі үлкен сұранысқа ие және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Кәсіпорын сапалы трансформаторларды ғана емес, энергия үнемдейтін трансформаторларды шығарады. Жетекші еуропалық елдердің жоғары технологиялық жабдықтарын енгізу, сондай-ақ заманауи оқшаулағыш материалдарды қолдану арқылы өндіріс ошағының өнімдері сапа, сенімділік және номенклатураның әртүрлілігі бойынша шетелдік ұқсас техникалардан едәуір асып түсті.
Бүгінде кәсіпорынның негізгі міндеттерінің бірі экспорттық әлеуетті арттыру болып табылады. Өндіріс ошағы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыруға «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ тарапынан қосымша қаржыландыру алды. ҚДБ 6%-бен 1,5 млрд теңге мөлшерінде несие ұсынды.
Кентау трансформатор зауыты 1959 жылдан бастап жұмыс істейді және жабдықты жаңарту қажеттілігі туындады, «Өнімділік 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ҚДБ-Лизинг тарапынан ұсынылған қаржыландыруға әлемнің жетекші өндірушілерінен трансформаторлар өндіру үшін металл өңдеу станоктары сатып алынды. Автоматтандырылған басқару бағдарламалық жасақтамасына негізделген бұл жабдық қол еңбегін жеңілдетуге, өнімділікті арттыруға және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Мемлекет кәсіпкерлерді, атап айтқанда, осындай даму институттары арқылы барынша қолдайды.
Қазір зауытта 1153 адам еңбек етеді. Сонымен қатар мұнда политехникалық колледж бар, онда студенттер дуальды оқытудан өтіп, содан кейін білімдерін зауытта қолданатындығын атап өткен жөн. Колледж жыл сайын 100-ден астам маман шығарады, олар кейін зауытта және «Alageum Electric» БК ХК-да жұмыс істейді