Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша ТМД елдері арасында көш бастады
БҰҰ құрған электронды үкіметті дамыту жаһандық рейтингінде Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші орын алды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Соңғы бес айда елімізде 16 миллионға жуық мемлекеттік қызмет электронды форматта көрсетілген.Қазақстандағы карантиндік шектеу шараларын ұзарту жағдайында қызметтерді, оның ішінде мемлекеттік қызметті электронды форматта көрсету күннен-күнге өзекті әрі маңызды болып келеді. Қазіргі уақытта халық мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға айтарлықтай дайын.
Осылайша 2019 жылдың аяғында 6-74 жас аралығындағы компьютер қолданушылар үлесі 82,2% дейін өсті (бір жыл бұрын – 80,3%), ал Интернетті пайдаланушылар үлесі 84,2% өсті (өткен жылғы өсім – 81, 3%). Жалпы, 6-74 жас аралығындағы халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі бір жылда 79,6% -дан 82,1% -ға өскен.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 82% астамы автоматтандырылған, ал 2020 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90% жеткізу жоспарланған. Мемлекеттік қызметтерді қазақстандықтар egov.kz электрондық қызметтер порталы, MGov мобильді қосымшасы және Telegram бот арқылы онлайн алуға болады.
Желіден тыс оффлайн режимде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт кеңселерінің біріне жүгінуге болады. Биылғы бес айда ҚР Электронды үкімет порталында 16 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Оның ішінде сұранысқа ие болған қызмет – төтенше жағдай кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды тіркеу болды – 8,1 млн қызмет.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болды. БҰҰ құрған электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде Қазақстан әлемнің 190 елі арасында 29-орынға көтерілді (бір жыл бұрын – 39 орында болған).
Бұл рейтингті жасау барысында мемлекеттердің 2018-2019 жылдары атқарған жұмыстары бағаланған. ТМД елдері арасында Қазақстан 1 орын алды. Одан кейін Ресей (36-орын), Беларусь (40-орын), Молдова (79-орын), Украина (69-орын), Өзбекстан (87-орын) елдері тұр.
Электронды үкіметті дамыту бойынша көшбасшылардың үштігіне Дания, Оңтүстік Корея және Эстония кірді. ТОП-5 мемлекет тізімін Финляндия мен Австралия түйіндейді.