ҚТЖ жолаушылар пойызының кешігу себебін түсіндірді
ҚазАқпарат – «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол жолдарында күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесінде өзгерістер болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz компанияның ресми сайтына сілтеме жасап.
«Биылғы жылдың сәуір айынан бастап қозғалыс қауіпсіздігін және жолаушылар мен жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға бағытталған теміржол жолдарын жаңарту жұмыстары басталды. Жұмыстар штаттық режимде, кідіріссіз жүріп жатыр. Коронавирус инфекциясымен күрес аясында қабылданған барлық қауіпсіздік шаралары ескерілді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ келтірілген қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды және жұмысты тезірек аяқтау үшін барлық қажетті шаралар қабылдайды», – делінген хабарламада.
Компания «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 80-бабының 3-тармағына сәйкес жолаушылар пойызы кешіккені үшін айыппұл төлеу көзделгенін еске салады.
80-баптың 3-тармағына сәйкес, «Жолаушылар тасымалдайтын пойызды кiдiрткенi, сондай-ақ баратын темiржол станциясына кешiгiп келгенi үшiн тасымалдаушы, егер кiдiру немесе кешiгу тежеусiз күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушының шеккен залалын өтей отырып, оған кешiккен әр сағат үшiн жол жүру құжаты (билетi) құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi».
Өндiрiп алынған айыппұлдың сомасы жол жүру құжатының (билеттiң) құнынан аспауға тиiс.
Жолаушы пойызы кешiккенi үшiн айыппұл төлеу тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының өтiнiшi бойынша жүргiзiледi.
Өтемақы алу үшін жолаушы соңғы келу пунктіндегі вокзал кезекшісінен жол жүру құжатында (билетте) кешіктірілген сағаттар туралы жазбаны міндетті түрде алуы керек. Осы құжатпен, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатпен бірге жолаушы заңда көзделген өтемақыны алу үшін ҚТЖ-ның кез-келген кассасына жүгіне алады.