TechБасты

Анықтама орнына ақпаратты eGov Mobile арқылы бөлісуге болады

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) мемлекеттік органдармен бірлесе өткізген кезекті отырысында анықтамаларды алып тастау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин анықтамалар санын қысқартудың өзектілігін атап өтіп, қажетті шараларды жедел іске асыру қажеттігін айтты.

«Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында жиі сұралатын анықтамалар мен мәліметті қағаз жүзінде растауды талап етудің күшін жою бойынша нақты міндет қойды. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Бүгінге дейін 6 анықтама жойылды және оң экономикалық нәтижесін көріп отырмыз. Бізге үнемі жаңа тәсілдерді ұсыну, уақыттан қалыспау, процесті жылжыту, eGov Mobile мүмкіндіктерін қолдану және кеңейту қажет», – деп атап өтті министр.

Отырыс барысында Цифрлық даму министрлігіне қарасты  Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы Дәулет Бекманов атап өткендей, бүгінде мемлекеттік тізілімде 694 қызмет болса, оның 50-ге жуығы-ақпараттық қызметтер мен анықтамалар.

«Біз бірқатар министрліктердің өкілдерімен кездесулер өткіздік, азаматтардан түрлі анықтамалардыталап етпеу мәселелерін талқыладық, нәтижесінде биыл  30 түрлі анықтаманықысқартуды ұсынып отырмыз. Мысалы, наркологиялық ұйымнан, зейнетақы жинақтары туралы, жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы, жылжымайтын мүліктің мекенжайын анықтау бойынша анықтама беруді, ал соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтаманы талап етпеу қысқартылады, бірақ шетелде көрсету үшін қалдырылады. Бұл шаранәтижесінде қағаз құжат айналымы 35 миллионнан астам құжатқа қысқарталыды», – деп атап өтті Бекманов.

Қағаз құжат айналымын қысқарту eGov Mobile мобильдік қосымшасындағы жаңа құралдарды да қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша, жақында eGov Mobile-дан ақпаратты тікелей мессенджерлер арқылы жібере отырып, қосымшада жеке мәліметтерді бөлісуге болады. Мысалы, кез-келген ыңғайлы жолмен ақпаратты жібере отырып, қосымша арқылы мекенжай дерегімен бөлісуге болады. Бұл ақпаратты талап етуші мекемелерге eGov Mobile-ден сілтеме жібере аласыз. Сол сияқты, басқа жеке ақпаратпен де бөлісе аласыз. Егер сіз жақын жерде болсаңыз, онда мәліметті QR код арқылы алмасу мүмкін болмақ.

Сондай-ақ үшінші тұлғалар да ақпаратты сұрата алады, ол үшін азамат өзінің смартфонындағы қосымшаға келген хабарламаны растауы керек.

Бұдан басқа, eGov Mobile-дан электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) өте оңай алатын боласыз. Ол үшін биометрияны сәйкестендіруден өту (жүйе азаматтың жеке басын сканерлейді), сұрақтарға жауап беру, телефон нөмірін енгізу қажет, содан кейін нөмір мобильді азаматтар базасында тіркеледі, ал ЭЦҚ телефонға орнатылады. Бұл процесс eGov Mobile-дың көмегімен «электрондық үкімет» порталын пайдаланушыларды тіркеуді оңайлатпақ.

Сондай-ақ, отырыстаазаматтар неғұрлым көп сұрайтын мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мәселелері қаралды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері көп балалы отбасына жәрдемақы тағайындау, бала кезінен 1-топтағы мүгедекке күтім жасау, еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайларына төлемдер және т.б. қызметтер көрсету мерзімдерін қысқарту бойынша бизнес-процестерді ұсынды.

Сондай-ақ, кездесуде Smart Bridge платформасындағы интеграциялық сервистер бойынша бизнес өкілдерінің ұсыныстар қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, ВАК отырыстары цифрлық комиссарлардың қатысуымен өтеді, олар да талқыланатын мәселелер бойынша өз ой-пікірлерімен бөліседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button