Қарағандыда «Мен – суретшімін» әлеуметтік стартап – мобильді шеберханасы іске асырылуда. Оның бастамашылары – академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Философия және психология факультетінің студенттері, болашақ әлеуметтанушылар Айдана Алмажанова, Вероника Перова, Наиля Қасымова және Назгүл Тыңғышева, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Қыздар көркемөнер мектептері жетіспейтін Пришахтинск тұрғындарын сурет салуға үйреткісі келеді. Өз идеяларын жүзеге асыру үшін олар Дүниежүзілік банк және ҚР БҒМ Zhasproject бағдарламасы бойынша грант алды.
– Біз өз дағдыларын басқалармен бөлісуге дайын шығармашылық адамдар тобын жинадық. Пришахтинскіде тұратын балалар мен ересектерді шығармашылыққа тартқымыз келеді. Бұл ауданда балалар тегін бара алатын бірде-бір сурет мектебі жоқ. Біз сурет салу және шығармашылық қолөнер бойынша шеберлік сабақтарын өткіземіз. Біздің сабақтарымызда әркім өзін суретші ретінде сезініп, өзінің даралығын көре алады, – дейді Вероника Перова.
Ол осы жоба болашақ мамандыққа байланысты екенін және іс жүзінде қоғамдық қажеттіліктерді білуге көмектесетінін атап өтті.
Студенттің айтуынша, Zhasproject бағдарламасы туралы олар өздерінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының кураторы – доцент Анжела Инджиголяннан білген екен. Ол жобаның тәлімгері болды.
– Біздің студенттер әлеуметтік кәсіпкерліктің бірегей практикалық тәжірибесін алады деп үміттенемін. Байқауда жеңіске жету оңай болған жоқ. Олар жабдықтар мен қажетті материалдарды сатып алатын бюджетті өз бетінше дайындады. Жоба туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланады. Бұл болашақ мамандық үшін де, дербес өмір үшін де пайдалы дағдылар, – деп есептейді тәлімгер.