Қоғамдық бақылау тобы білім беру нысандарын санитарлық талаптарға сай болуын тексеруде. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша қоғамдық бақылау тобының үйлестірушісі Олеся Баимова айтты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Білім күні қоғамдық бақылау тобының волонтерлері Щучинск қаласындағы он екі мектептің сегізіне тексеріс жүргізді. Оның екеуі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан қазан айына дейін жабық», – дейді Олеся Баимова.
Оның сөзінше, қазіргі кезде өңірдегі білім беру орындарындағы санитарлық жағдай мектеп басшылығы мен жергілікті биліктің бақылауында.
«Тексерілген мектептердің барлығы санитарлық нормаларға сай, мектептің кіре берістеріне санитайзер орнатылған, барлық сыныптар мен персоналдарда маска және саусаққап бар. Ал, мектептің кіре берістерінде медициналық қызметкерлер дене қызуын тексеріп отырады. Сыныптардың барлығы оқу жылына дайындалған. Орындықтар мен партада әлеуметтік ара қашықтық қарастырылллған. Кейбір мектептер кварц шамдарын қолданады. Үзіліс уақыты да дәлізде оқушылар жиналып қалмау үшін әр сыныпқа әр түрлі беріліп отыр. Қорғаныс заттарының қоры екі айға жеткілікті», – дейді ол.
Ол атап өткендей, карантиндік талаптардың бұзылуы шағын кәсіпкерлік тарапынан жол беріледі. Оны дер кезінде анықтап, тиісті шара қолданған маңызды.
«Азаматтар тарапынан карантин талаптарының сақталмағандығы жөнінде шағындардың басым көпшілігі шағын бизнеске қатысты түседі. Қоғамдық бақылау осы мәселеге қатты көңіл бөледі. Оның қорытындылары БАҚ пен әлуеметтік желіде жарияланып тұрады», – деп қорытындылады.
Айталық, карантин кезінде Жарқайың ауданында құдалық өткізген мейрамхана иесі әкімшілік жазаға тартылған болатын.
Сондай-ақ, 18 тамызда Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы демалыс орнында көпшіліктің қатысуымен отбасылық іс-шара өткізілгені анықталып, оны ұйымдастырған кәсіпкерге айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылғы тамыздың 11-де Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі медициналық мекемелердің ішіндегі жағдайды бақылау бойынша халық белсенділерінен құралған қоғамдық бақылау құрылатынын атап өткен болатын. Бұл бастама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау тапты.