Түркістандағы Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-музейі жұмысын бастады
Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі өз жұмысын бастады. Карантинге байланысты наурыздан бері кесененің есігі жабық болды.
Бұған дейін келушілер тарихи ескерткіштің сыртынан қарап, суретке түсіп қайтатын. Енді зиярат етушілер мен туристерге барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып қызмет көрсетеді.
Келушілер міндетті түрде маска тағуы тиіс. Ішке кезекпен кіргізіледі.
Сыртта да, кесененің ішінде де арнайы күту залдары жасақталған. Бүгін бірінші күн болса да кесенеге келушілердің қарасы қалың. Арасында Түркістанға басқа өңірлерден қыдырып келген меймандар да бар.
Айта кетейік, соңғы үш жыл бойы Қожа Ахмет Яcсауи кесенесінің күмбезіне тарихи келбетін сақтай отырып жаңарту жұмыстары жүргізілді. Кесененің желдеткіш қабаттары реттеліп, күмбез етегіндегі сегіз қырлы қосындыға гидрооқшаулау жұмыстары істелді. Сондай-ақ қорық-музейдің аумағындағы тарихи орындар қайта қалпына келтіріліп, кесене алдына туристер демалатын бау-бақшалы алаңқай салынуда. Қалпына келтіру жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізілуде.