СҚО-да колледждер Worldskills форматында маман даярламақ
Солтүстік Қазақстан облысындағы төрт колледж «Жас маман» жобасы аясында заманауи жарақтандырылып жатыр, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін СҚО әкімі Құмар Ақсақалов «Жас маман» бағдарламасына қатысып жатқан төрт колледжді аралады. Халықаралық стандарттар енгізіліп жатқан оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға ел қазынасынан 1,2 млрд теңге бөлінген.
СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы алдымен М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжге барды. Білім ордасына бүгінде 3D-модельдеу, заманауи мультимедиялық және робототехника кабинеттеріне қажет керек-жарақ жеткізілген. Бұрын колледжде мұның бірі де болмаған.
«Жас маман» бағдарламасына қатысып жатқан тағы бір оқу орны – Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжі. Білім ордасы Worldskills стандарттарына сәйкес жарақтандырылған. Мұндағы «Электрқондырғы» кабинетіне қажетті қондырғылар алынып, жаңадан автокөлікке диагностика жасайтын және жөндейтін цех ашылды.
«Колледждегі техника 30 жылдан астам жаңаланбаған. Күні кеше мұндағы студенттер қазір тіпті шығарылмайтын ескі Жигули мен Газ-53 машинасымен білім алатын. Салдарынан нарық сұранысына жауап бере алмайтын. Колледжге жеңіл автокөліктер мен жүк машинасын алдық. Студенттер компьютерлік диагностика жасайтын болады. Бұл – қымбат қондырғы. Қаладағы техникалық қызмет көрсету стансаларында ондай жабдық жоқ», – дейді Құмар Ақсақалов.
Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде құрылыс материалдарына сараптама жасайтын зертхана ашылды. Жүк көтергіш машина алынды. Техник-технолог мамандарын даярлауға қажет материалды-техникалық база жаңартылды.
Жаңғырту жұмыстары машинажасау колледжінде де жүргізілмек. Кәсіби шеберлігі жоғары мамандарды әзірлеп шығару үшін сандық есептеу жүргізетін білдектер алынбақ.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, «Жас маман» бағдарламасы келесі жылы жалғасын табады. Өңірдегі бес колледжді қамтып, материалдық-техникалық базасын жақсартуға 1,5 млрд теңге жұмсалмақшы.