EducationБасты

Әлемдегі ең танымал комикс қазақ тіліне аударылды

Әлемнің жетпіске жуық тіліне аударылған, балаларға арналған ең атақты комикс-романдардың бірі «Тентек балақайдың күнделігі» («Wimpy Kid») қазақ тілінде жарық көрді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

АҚШ жазушысы, суретші Жефф Кинни жазған бұл кітапты қазақстандық «Steppe & WORLD Publishing» баспасы шығарды.

Баспа өкілдерінің айтуынша, кітапты қазақ және ағылшын тілдерінде оқуға болады, яғни бір басылымда екі тілдегі нұсқа қатар беріліп отыр.

«Балалар планшет пен телефоннан айрылмайды, кітаптан қашады. Соның кесірінен бойында психологиялық теріс өзгерістер болып жатады. Мұны құмарлыққа теңер едім. Көп ата-ана балаларына кітап оқудың пайдасын түсіндіре алмай қиналады. «Тентек балақайдың күнделігі» комикс-романы осындайда жақсы көмекші болмақ. Бұл еңбекті балалар сүйсініп оқиды және басқа кітапты оқуға деген құлшыныс пайда болады. Ал түпнұсқа мәтіннің қатар берілуі ағылшын тілін жақсартады», – дейді баспа басшысы Райса Қадір.

Сонымен қатар, ол кітап авторы Жефф Кинни Қазақстанға келуге ниетті екенін айтты.

«Алдағы уақытта авторды арнайы шақырып, оқырмандарға ерекше кеш сыйлаймыз деп үміттенемін», – дейді баспа басшысы.

«Тентек балақайдың күнделігін» қазақ тіліне аударған – Нәркез Берікқазы. Редакторы – Назгүл Қожабек.

Кітаптың бас кейіпкері – қарапайым оқушы Грег Хеффли. Ол басынан өткен алуан түрлі қызық оқиғаны күнделік ретінде жазып жүреді. Грегтің суреттегенін оқыған әр бала өзін таниды, сабақ алады.

«Мәтіні жеңіл, суреттері тартымды, кейіпкерлерінен балалық аңғалдық пен тазалық лебі есіп тұрған кітапта әр оқушының басынан өтетін, ата-анамен, мұғалімдермен, сыныптастармен арадағы қатынас, жақсы мен жаманның байыбына бару, барды бар, жоқты жоқ деп түсіну эволюциясы сипатталған», – дейді Райса Қадір.

Басқа жаңалықтар

Back to top button