Басты

Семейлік оқушылар АҚШ –та білім алып келді

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қос шәкірті 2019-2020 оқу жылын АҚШ-та оқып келді. Эльжана Оралғазиева, Камилла Ильяшева мұхиттың арғы бетіне Future Leaders Exchange (FLEX) бағдарламасы бойынша барған, деп хабарлайды Jana-kezen.kz мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Эльжана мен Камилла білім ошағымыздың 12 сыныбына аяқ басты. АҚШ-қа бармас бұрын олар бағдарламаны  ұйымдастырушылар тарапынан берілген сынақтардың барлығын сәтті тапсырып, талаптарына толықтай жауап берген. Нәтижесінде бірі-  Коннектикут, екіншісі – Айова Штатына ат басын тіреп, американдық отбасымен бірге өмір сүрген»,-делінеген хабарламада.

– АҚШ –қа оқуға барғанымызда американдық отбасымен бір шаңырақ астында тұру FLEX бағдарламасының негізгі шарттарының бірі. Бұл біздің тілді тереңірек меңгеруімізге көмектеседі. Шетте білім алу мүмкіндігі оңайлықпен келді деп айта алмаймыз. Алдымен ағылшын тілінен 15 минуттық тест тапсырсақ, екінші кезеңде эссе жаздық. Келесі кезеңде тағы да эссе жазып, тест тапсырумен қатар бізбен жеке сұхбат жүргізілді. Топтық ойынға қатыстық. Нәтижесінде Қазақстаннан іріктелген 126 баланың қатарына бізде іліндік, -дейді Камилла Ильяшева.

Олар Glastonbury High School, Housatonic Valley Regional High School, Roosevelt High School сынды жергілікті білім ошақтарында оқуларын жалғастырған.

– Америкалық мектептердің біздегіден айырмашылығы – әр оқушының сабақ кестесі әртүрлі. Сонымен бірге оқушы өзі қалаған,  өзіне керек пәндерді таңдай алады. Мәселен, мен математика, журналистика, химия, дене шынықтыру, қоғам, фотография, оркестр, ағылшын тілі, американдық саясат, физика, бэнд, скульптура, орман технологиялары пәндерін оқуға ниеттендім. Мектеп оркестріне қабылданып, контрабаста ойнауды үйрендім.  Театр үйірмесіне де қатыстым. «Key Club» волонтерлер клубының мүшесі болып, жаңа достар таптым, – деп еске алады Эльжана Оралғазиева.

Қыздар АҚШ-тағы өмірдің телесериалдағыдай емес, өзіндік қиындықтары бар екенін жеткізді. Дегенмен сапарлары сәтті болып,  дағдыларын жетілдіріп, өздеріне қажетті білім қоры мен тың жаңалықтармен қаруланып келді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button