«Ауыл» партиясы болашақ кәсіпкерлер үшін семинар тренинг өткізді
«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Қызылорда облысы бойынша филиалы кәсібін жаңа бастаған фермерлер үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен «Нәсіптің кілті – кәсіпте» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz саяси ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинар Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында орналасқан «Ысамаддин» шаруа қожалығында өтті. Бұл қатысушыларға шаруа қожалығының соңғы жылдардағы жетістіктерін өз көзімен көруге мүмкіндік берді. «Ауыл» ХДПП мүшесі, «Ысамаддин» шаруа қожалығының басшысы Жанарбек Нұрымбетов шаруашылығын аралатып, кәсібінің қыр-сырымен таныстырды. Оның айтуынша, «Ысамаддин» шаруашылығы 10 жылдан аса ірі қара мен жылқы өсірумен айналысып келеді. 2012 жылы мұнда бір ауысымда 2,5-5 тоннаға дейін ет өңдейтін кешен жұмысы іске қосылды. Бүгінгі таңда шаруа қожалығы Қызылорда облысының тұрғындарын азық-түлікпен (сүт, май, ет), шикізатпен (жүн, тері) қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар, семинарда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының Бастау бизнес жобасы бойынша аға кеңесшісі Мадина Қасымжан жастарға бизнес бастаудың практикалық-тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар, субсидиялар, несиелер және т. б. туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Қатысушылар семинардың шаруа қожалығында өткені олар үшін өте қызықты, танымды және жақсы тәжірибе болғанын атап өтті. Өйткені олар бүкіл шаруашылықтың жұмысын, малды ұстау жағдайларын көру мүмкіндігіне ие болды.
«Ауыл» партиясы Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Серікбай Өмірзақовтың айтуынша, саяси ұйымның көптеген филиалдары мұндай жиналыстарды өндірісте өткізеді. Өйткені дәл осындай формат өзінің тиімділігін дәлелдеді. Шаруашылықтың шынайы жағдайымен танысқан болашақ кәсіпкерлер үшін бұл тұңғыш тәжірибеден өткенмен бірдей. Осындай семинарлардан кейін олардың салаға деген қызығушылығы артатындығы сөзсіз.
Айта кетейік, аталмыш семинар «Ауыл» ХДПП XVI съезінде қабылданған партияның «Ауыл-достар» саяси бастамасы аясында өтті. Бастама мақсаты – туған ауылының болашағына бей-жай қарамайтын партияның барлық жақтастарын, өз Отанын сүйетін ел патриоттарын біріктіру.