Экология пәнін толқынды сабақ ретінде мектеп бағдарламасында бірден енгізуге асықпаған жөн, себебі бала қоршаған орта туралы күрделі ғылымды санасына сіңіруге дайын болу шарт. Бұл туралы экологиялық білімге қатысты Facebook-тегі KUN.KZ ашық медиа платформада өткен онлайн конференцияда айтылды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева министрлік жақында «Экологиялық сауаттылық» тақырыбында ірі эколог, білікті сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізгенін, сол кезде мамандар тарапынан айтылған ұсыныстарды білім және ғылым министрлігіндегі әріптестеріне айтты.
«Біріншіден, Экология пәнін толқынды сабақ ретінде мектеп бағдарламасында бірден енгізуге асықпаған жөн, себебі бала қоршаған орта туралы күрделі ғылымды санасына сіңіруге дайын болу шарт. Алдымен факультативтік үйірме санын көбейтіп, осы арқылы негізін дайындау дұрыс. Екіншіден, экологиялық білім беру жүйесін үздіксіз ету керек. Яғни орта жоғары және арнайы білім деңгейінде бірыңғай, әрі сабақтас экологиялық ілім негіздері қалыптасуы қажет. Үшіншіден, жоғары оқу орындарындағы Экология пәні бойынша бағдарламаларды ретке келтіру керек. Қазір әр жоғары оқу орнының өз білімі өзінде, ешқандай кешенді жалпыға ортақ бағдарлама жоқ. Ал мектептегі балаларымызға экологиялық білім беретін қазіргі студенттер десек, бұл мәселеніі маңызды екені айтпаса да түсінікті», – деп атап өтті Аида Балаева.
Оның айтуынша, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кез келген форматта бірлесе жұмыс істеуге дайын.
«Сөзімді «Кішкентай ханзада» туындысынан үзінді келтіру арқылы аяқтағым келеді. «Таңертең тұрдың. Жуындың. Өзіңді ретке келтіргеннен кейін өз әлеміңді ретке келтіруге кіріс ». Бәріңізге жемісті еңбек тілеймін», – деді ол.