Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің 2020-2021 оқу жылына дайындығы туралы журналистермен брифинг өткізді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Облыс басшысының айтуынша, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, білім беру процесі бірнеше бағыттар бойынша ұйымдастырылатын болады.
«Өңірде 490 мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылына 108,6 мың оқушы мен 13 мың педагог дайын. Бірінші сыныпқа болжам бойынша 12 мың бала қабылданады. Барлық мектептерде, ауылдық шағын жинақталған мектептерді қоспағанда, оқу жылын қашықтан бастау жоспарланған. Бұл ретте өткен оқу жылының төртінші тоқсанының тәжірибесіне жүгінеміз. 265 мектеп санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, штаттық режимде оқытатын болады. Барлығы 16 мыңнан астам оқушы қалыпты жағдайда сабаққа барады деп күтілуде. Штаттық режимде жұмыс істейтін мектептердің ең көбі Қостанай қаласы мен Меңдіқара ауданында. Білім беру ұйымдарында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Сонда да оқу процесі санитарлық шектеу шаралары қатаң сақталған жағдайда жалғасатынын еске саламын», – деді Архимед Мұхамбетов.
Мектептердегі оқыту екі ауысымда өтеді. Үзіліс кезінде ғимарат ішін желдету режимі ұйымдастырылады. Әр сабақтан кейін сынып ішін дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Мектептерде маска режимі енгізіледі және медициналық бақылау күшейтілмек.