Басты

Министр: Екпеден бас тартқандар өз баласына ғана емес, қоғамға қауіп төндіріп отыр

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев екпе салынбаған балаларды балабақшаға кіргізбеу туралы жаңа қағидаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, бұл – радикалды қадам және оны талқылағанбыз. Бірақ, екпе салмаудың кесірінен де дәл сондай радикалды жағдайға тап болдық. Өткен жылы қызылша ауруының 13 мыңнан астам оқиғасы тіркелді. Оның 70% – балалар. Биылдың өзінде 300-ден астам оқиға тіркелді. Оның басты себебі – екпе салдырмау болып отыр. Мұндайда мемлекет не істеуі керек?», – деді министр Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр екпе бойынша халықаралық тәжірибеден мысалдар келтірді.

«Мәселен, Италияда екпе салдырмаған балаларға мектеп пен балабақшаға кіруге тыйым салынған. Ал ата-анасына 500 еуроға дейін айыппұл салынады. Германияда екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға 2,5 мың еуро айыппұл жүктеледі. Ал балалар мектепке кіргізілмейді. Осындай тәжірибені көптеген мемлекеттер қолға алуда. Мұнда бір нәрсені түсінген жөн: екпеден бас тарту арқылы адамдар өз баласына ғана емес, тұтас қоғамдық иммунитетке қауіп төндіріп отыр. Одан денсаулығы мәз емес басқа адамдар зардап шегеді. Сондықтан, өзін әлеуметтік жауапты деп ойлайтын ата-аналар ерікті түрлде екпе салдырғандары жөн», – деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, Д. Абаев екпенің жанама әсері болатынын да жасырмады.

«Өкінішке қарай, асқыну түріндегі жанама әсерлер де болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, мұндай асқыну жүз мың екпеде бір рет кездеседі. Сәтсіз вакцинация қаупі қызылша қаупінен анағұрлым аз. Сондықтан, жекелеген жағдайлар екпеден бас тартудың себебі болмауы тиіс. Бірақ, бұл оқиғалар баланың екпе салдыруға дейінгі денсаулығын тексертуге, бақылауға қосымша аргумент болуы тиіс», – деді министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button