Мамандар Маңғыстаудың Баянды ауылында жолдың сапасыз салынғанын анықтады
Маңғыстау облысы Баянды ауылындағы жол сапасына байланысты «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» қорытындысы шықты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысы Баянды ауылындағы сапасыз салынған жолдың құрылысын «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» инженерлері барып, тексеру жүргізген болатын.
«Көтерілген мәселе бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды. Сметалық құжат дұрыс және толық жасалмаған, 6 көшеге ортақ бір ғана құжат әзірленген. Сондай-ақ, ақау тізімдемесінде геометриялық сипаттамалары, яғни көше ұзындығы, төсемнің құрылымдық қабаттарының ені және қалыңдығы да көрсетілмеген. Зауыттан шыққан асфальт-бетон қоспасы нормативтік талаптарға сай болғанымен, мердігер мекеме төсеу кезінде қателіктер жіберген. Сонымен қатар, қарастырылған құжатта негізді өңдеуге арналған битумның шығыны нормадан екі есеге аз көрсетілгендіктен, асфальт төсемі мен астыңғы қабаты бір-бірімен дұрыс қабыспауына әкеліп соқты» делінген хабарламада.
Техникалық құжаттар сараптамасының және техникалық қадағалаудың болмауы осындай ақаулардың орын алына әкеліп отыр.
«Мұның бәрі мамандардың кәсіби деңгейінің төмендігін көрсетеді» дейді мамандар.
Еске сала кетейік, бұған дейін бірқатар ресурстарда және әлеуметтік желілерде Маңғыстаудың Баянды ауылындағы жол сапасы сынға ұшыраған болатын. Тұрғындар елді мекен ішіне жаңадан төселіп жатқан асфальт сапасына күмәнмен қарап, әлі қатып үлгермеген жол материалын қолмен көтеріп, астының бос екенін көрсеткен еді.